«Абай елі – өнер кеніші»: үздіктер анықталды
Мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған «Абай елі – өнер кеніші» облыстық көркемөнерпаздар байқауының қорытынды гала-концерті өтті. Өнер мерекесіне облыстың түкпір-түкпірінен жиналған таланттар қатысып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Былтыр ғана бастау алған ауқымды жоба биыл да жалғасын тауып, халықтың зор ықыласына бөленді. Байқаудың басты мақсаты – аудан-аймақтардағы талантты жастарға қолдау көрсету, өнерге жол ашу және ұлттық мәдениетті дамыту.


Байқауға қазылар алқасының құрамында Астана мен Алматы қалаларынан арнайы шақырылған өнер майталмандары болды. Олар қатысушылардың вокалдық шеберлігіне, сахна мәдениетіне және шығармашылық деңгейіне баға берді.

Гала-концерт барысында сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли мәдениеттің ұлт руханиятындағы маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мәдениет – ұлттың тірегі. Руханияты мықты елдің болашағы да жарқын болады. Бүгінгі шараның басты мақсаты – аудандардағы жастарға жол ашу. Тұңғыштар мекені әрқашан алдыңғы қатарда болуы керек. Біз ән атасы Әміре Қашаубаев, бұлбұл әншілер Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаева шыққан өңірдің ұрпағымыз, – деді аймақ басшысы.


Байқауға облыстың 10 ауданынан 2 мыңға жуық өнерпаз қатысып, түрлі жанр бойынша бақ сынады. Қатысушылар ән, би, аспаптық орындау және театрландырылған қойылымдар арқылы өз өнерлерін паш етті.


Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі де ерекше өтті. Бас жүлде иегеріне құрылмалы сахна табысталса, бірінші орын алған командаға шағын автобус берілді. Екінші орын иегерлері толық жабдықталған музыкалық аппаратурамен марапатталды. Ал үшінші орын алған өнерпаздарға 5 миллион теңге сыйақы ұсынылды.



Нәтижесінде үшінші орынды Бесқарағай және Аягөз аудандары иеленді. Екінші орын Жарма ауданына бұйырса, бірінші орынды Үржар ауданының өнерпаздары жеңіп алды. Ал байқаудың Бас жүлдесін Абай ауданының таланттары қанжығасына байлады.
«Абай елі – өнер кеніші» байқауы өңірдегі мәдени өмірдің маңызды жобасына айналып, ауыл-аймақтағы таланттарды танытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
#Абайская область, #искусство, #культура