АБАЙ ОБЛЫСЫНДА АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ САҚТАУ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

АБАЙ ОБЛЫСЫНДА АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ САҚТАУ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Меморандум тек ынтымақтастықты ғана емес, сонымен қатар білікті кадрларды даярлау туралы ережені де қамтиды. Келісім шарт Шәкәрім университеті мен Әлкей Марғұлан атындағы археология институты арасында былтыр жасалған болатын. Абай облысының аумағында 2023 жылы ғана 100-ге жуық археологиялық  ескерткіш табылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшының орынбасары  Толқын Берікбекова баяндады,-деп хабарлайды abaidan.kz .

-Былтыр Абай облысының аумағында археологиялық зерттеулер жүргізілді.  Атап айтқанда, “Antique-kz” ЖШС Аягөз, Жарма, Ақсуат және Абай аудандарында қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 100-ге жуық археологиялық  ескерткіштер табылды. Олардың бір бөлігі тарихи және мәдени құндылыққа ие. Табылған заттарды тізімдеу және бағалау жұмыстары әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, облыста археологиялық ескерткіштерді сақтау жоспары жүзеге асырылып жатыр. Жұмысты жүзеге асыруға жалпы  15 млн теңге бөлінді,- деп атап өтті Толқын Берікбекова.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков өңірдің археологиялық мұрасын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

-Бүгінгі күні тарих ғылымында аймақтардың тарихы, этнографиясы мен археологиясы ғылыми қауымдастықтың ерекше назарын талап етеді. Бұл тұрғыда Абай облысының тарихи кезеңдерін жан-жақты зерттеу өзекті мәселе. Осы бағытта Шәкәрім университетінде «Тарих және археология» ғылыми орталығы құрылып, тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін мемлекеттік лицензия алынды. Біздің ғалымдар биылғы жылдан бастап ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен жалпы сомасы 1 млрд теңгені құрайтын 3 ғылыми жоба мен 2 бағдарламаны іске асыруды бастады. Сондай-ақ, алдағы оқу жылынан бастап археология саласына кадрлар даярлауды көздеп отырмыз, - деді Думан Орынбеков.

Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы тек Абай облысының аумағында теориялық тұрғыдан  зерттеудің 5 түрлі бағыты бар екенін атап өтті.


#Абайская область, #памятник, #культура