Абай облысында «Бірге! Бір толқында!» жастар форумы өтті
Абай облысында дәстүрлі жастар форумы өтіп, өңірдің белсенді жас азаматтары мен жастар ұйымдарының бір жылдық жұмысы қорытындыланды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі. Іс-шара аясында облыс әкімінің «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы табысталды. Бұл марапат өңір жастарымен жүргізілген жүйелі жұмыс пен іске асқан жобалардың маңызын айқындады. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов қатысты.

Форумда Семей қаласының және Ақсуат ауданының жастар ресурстық орталықтары арнайы сыйлыққа ие болды. Ал басты номинация – «Үздік жастар ресурстық орталығы» атағы Бесқарағай ауданының Жастар ресурстық орталығына берілді.
Жеке аталымдар да назардан тыс қалмады. «Үздік көшбасшы» сыйлығын Шәкәрім университетінің студенттік спикері Елубаев Нұрасыл Қапанұлы мен Көкпекті ауданының белсенді жасы Келербекова Назым Жұмабекқызы иеленді.

Өндіріс саласында өз еңбегімен ерекшеленген жастар да марапатталды: «Үздік жас еңбек адамы» атағы Семей цемент зауытының қызметкері Ақтаев Төлеген Сарсенбайұлы мен ҚР Ұлттық ядролық орталығының жас маманы Өкен Оспанға берілді.
Қоғамдық белсенділік бағытында жұмыс істеп жүрген жастар да назарға ілікті. «Үздік жас волонтер» аталымында үш жас марапатталды: «Шаңырақ» студенттік Ассамблеясының төрағасы Рысбек Айым Қайратқызы, №37 гимназияның оқушысы Төкен Еділ Ролланұлы және медицина колледжінің студенті, медициналық волонтер Төлеубекова Айгерім Ғибатқызы.
Отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүрген жастар арасынан Жарма ауданынан көпбалалы Енсеновтер жанұясы «Үздік жас отбасы» номинациясын жеңіп алды. Бұл отбасы тәрбиелік бағыттағы @superzhandar жобасымен де кең танымал.

Іс-шара өңір жастарына жаңа серпін беріп, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға жол ашатыны сөзсіз.
#Семей, #Абайская область, #молодежь, #форум