Алтыннан да қымбат достықтың шамшырағы
Семей төрінде рухани дүниеге шөлдеген оқырман қауымның жүрегін жылытқан ерекше кеш өтті. Танымал журналист, білікті қаламгер, парасат пен кішіпейілдікті қатар ұстанған жерлесіміз Айбек Қосанның балаларға арналған «Алтыннан да қымбат достық» атты кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Бүгінгі технология дәуірінде баланың жан дүниесін ізгілікке, мейірім мен адалдыққа тәрбиелейтін шығармалардың маңызы бұрынғыдан да арта түскені анық. Осындай уақытта жарық көрген бұл кітап — жас ұрпақтың рухани әлемін байытып, жүрегіне жақсылықтың дәнін себетін құнды еңбек. Кеш барысында Айбек Қосанның әрбір сөзі туған халқының болашағына деген жанашырлықтан, балалар тәрбиесіне деген жауапкершіліктен туғаны анық сезілді. Оның шығармашылық жолы да талай еңбек пен ізденіске толы. 2014 жылдан бері елордада еңбек етіп келе жатқан журналист әр жылдары радио мен телевидениенің түрлі саласында қызмет атқарып, бүгінде «Еуразия» телеарнасының шеф-редакторы әрі танымал YouTube жобасының жүргізушісі ретінде елге танылып жүр. Алайда бұл кітаптың дүниеге келу тарихы тіпті ерекше. Әкелік мейірім мен баласына деген сүйіспеншіліктен басталған бұл туындының негізінде қарапайым отбасы құндылықтары жатыр. Автордың айтуынша, бір жарым жасар қызы ертегісіз ұйықтамайтын болған. Қызына сапалы кітап іздеп жүріп, өзі ертегі ойлап таба бастайды. Сол сәтте алып еменді мекендеген ақкөңіл тиін мен дана үкі өмірге келеді. Сауысқанның айласы мен тоқылдақтың әділдігі арқылы бала санасына адалдық пен достық ұғымын сіңіруді мақсат етеді.

Кітаптың әр беті үлкен еңбектің жемісі екені байқалады. Иллюстратор Аружан Қайратқызымен бірге кейіпкерлердің бейнесін екі ай бойы талқылап, олардың мінезіне сай көркем образдар жасаған. Алғашқы суреттердің өзі Италияның Болонья қаласында өткен халықаралық балалар кітаптары көрмесіне Қазақстан атынан қатысып, шетелдік мамандардың жоғары бағасына ие болған. Әдеби редакторлар Аяужан Рысқұлқызы мен Еркебұлан Нүрекеш мәтінді балалардың қабылдауына барынша жақындатып, шығарманың сапасын арттыруға үлес қосты. Сапалы баспа іздеу жолындағы қиындықтар мен кедергілер де еңбектің бағасын арттыра түскендей.

Тұсаукесер рәсімінде Абай облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Ыдырышева сөз сөйлеп, балалар әдебиетінің ұлт болашағын қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталды. Сондай-ақ облыс әкімі Берік Уәлиұлының құттықтау хатын табыстады.
– Балалар әдебиеті – ұлт болашағына бастар рухани көпір. Бала жүрегіне жол тартқалы отырған бұл шығарманың ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болсын, – деген ақжарма тілегін жеткізді.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы атынан авторға басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Мұстафин Алғыс хат тапсырып, , иығына шапан жапты.

Кеште сөз алған Абай кітапханасының директоры, ақын Мерей Мейіртайұлы балалар әдебиетінің аса жауапты әрі күрделі сала екенін атап өтті.

– Әдебиеттің ең қиын жанрларының бірі – балалар әдебиеті. Айбек сол қиын жолды таңдаған екен. Бұл үлкен батылдық пен жауапкершіліктің белгісі, – деді ол.
Шараның ерекше әсерлі сәттерінің бірі – ұстазы Дәмеш Омарбаева апайдың кітаптың тұсауын кесіп, шәкіртіне ақ батасын өлеңмен арнауы болды. Бұл ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастықтың көркем көрінісіндей әсер қалдырды.

Айбек Қосан туған жерінде шығармасын таныстырудың өзі үлкен бақыт екенін айтып, өмір жолында кездескен ұстаздарына, білім берген мектептеріне және кәсіби ортадағы тәлімгерлеріне алғысын білдірді.

– Ата-ана баласымен осы кітап арқылы сөйлессін деген ниет болды. Қазақтың тәлімі мен тәрбиесі әрбір детальдан көрініс тапса дедік. «Алтыннан да қымбат достық» атауының өзінде үлкен мән жатыр. Бұл кітапты өз қаражатымызға шығарып отырмыз. Алдағы уақытта таным, тәрбие, сенім бағытындағы жұмыстарымызды жалғастырып, жобаны анимациялық форматқа дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді автор.
Кеш соңында жастар саясаты басқармасының басшысы Олжас Бейсембаев та кітапқа нақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Алдағы облыстық кітап оқу сайысында балалар санатына осы еңбекті енгізу мәселесі қарастырылатынын айтты. Бұл — бір кітаптың ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін үлкен бастаманың қолдау табуы еді.

Шындығында, кітап дүкенінің сөресіне қойылған әрбір туындының артында көзге көрінбейтін мол еңбек, талай адамның маңдай тері мен шығармашылық ізденісі тұрады. Ал «Алтыннан да қымбат достық» сол еңбектің жарқын жемісі. Бұл кітап балаларға достықтың, адалдықтың, мейірімділіктің бағасын түсіндіріп қана қоймай, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтуға қызмет ететін құнды дүние. Бала жүрегіне сәуле түсіретін осындай шығармалардың ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз. Өйткені алтынның бағасы уақытпен өлшенсе, шынайы достықтың құны адамдықпен өлшенетіні сөзсіз.

#Семей, #Абайская область, #культура, #книга