Astana AI Film Festival 1 миллион долларлық байқауға өтінім қабылдайды

Astana AI Film Festival 1 миллион долларлық байқауға өтінім қабылдайды

Astana AI Film Festival халықаралық AI-фильмдер байқауына өтінім қабылдауды бастады. Астанада өткен баспасөз конференциясында фестивальдің тұжырымдамасы, байқау бағдарламасы және алдағы өткізілу форматы таныстырылды. Жоба жасанды интеллект көмегімен жасалған кинотуындыларды қолдауға бағытталған халықаралық алаң ретінде ұсынылды.

Фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жәли байқау бағдарламасы екі негізгі секциядан тұратынын мәлімдеді. Оның бірі — «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») тақырыбына арналған негізгі секция болса, екіншісі — режиссура, визуалды тіл, оқиға, концепция және кейіпкер номинациялары бойынша ашық секция.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты талабы — фильмнің толықтай AI технологиялары арқылы жасалуы. Яғни, жасанды интеллект тек қосымша құрал емес, туындыны жасаудың негізгі тетігі ретінде қолданылуы қажет. Бұл талап фестивальдің басты ерекшелігі саналады.

«Фестиваль 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада Astana AI Week — жасанды интеллект апталығы аясында өтеді. Бұл AAIFF-ті елдегі ірі технологиялық іс-шаралармен байланыстырып, фестивальдің халықаралық мәртебесін күшейтеді», — деді Алмас Жәли.

Байқауға қатысу тегін және жас ерекшелігіне немесе кәсіби тәжірибесіне қарамастан барлық ниет білдірушілерге ашық. Қатысушылар ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм әзірлеп, оны жобаның сипаттамасымен бірге фестиваль платформасына жүктеуі тиіс.

Жоба авторларының бірі Айзатулла Хуссейн өтінімдерді қабылдау тәртібін түсіндірді. Оның айтуынша, жұмыстарды екі түрлі тәсілмен жіберуге болады: YouTube платформасына жүктеп, сілтемесін көрсету немесе Google Drive сервисі арқылы жолдау. Барлық өтінімдер ұйымдастырушылардың бірыңғай базасында тіркеліп, автоматты түрде өңделеді.

Сондай-ақ YouTube-ке жүктелген видеолардың сипаттамасында міндетті түрде «Special for Astana AI Film Festival» тіркесі, автордың аты-жөні және #SpecialForAAIFF хэштегі көрсетілуі тиіс.

Іріктеу нәтижесінде фестиваль командасы мен халықаралық сарапшылар негізгі секциядан 10, ал ашық секциядан 15 жұмысты таңдап алады. Финалистерді киноиндустрия, AI-қоғамдастық және creative tech саласының өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды.

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады. Финалистер қыркүйек айында жарияланып, фильм көрсетілімдері мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Astana AI Week аясында Астанада өтеді.

Astana AI Film Festival — жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдерге арналған халықаралық жоба. Фестиваль алаңы авторларды, digital-креаторларды, технологиялық компания өкілдерін, сарапшылар мен инвесторларды біріктіруді көздейді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальдің жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайды.

Фестиваль бағдарламасы аясында фильм көрсетілімдерімен қатар AI-контентке арналған конференциялар, панельдік пікірталастар және авторлар мен продюсерлерге арналған pitch-сессиялар ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар болашақта бұл жобаны жыл сайын өткізіп, AI-кино мен цифрлық шығармашылықты дамытуға арналған тұрақты халықаралық платформаға айналдыруды жоспарлап отыр.

Фестивальдің ресми сайты: aaiff.ai


#Астана, #кино, #Фестиваль, #искусственный интеллект