Бүгін Silk Way Star мега жобасы 12 елдің телеарнасынан көрсетіледі
Бүгін сағат 20:00-де Jibek Joly телеарнасында, Қытайдың CCTV-3 арнасында және қатысушы елдердің ұлттық арналарында көптен күткен халықаралық мегажоба – Silk Way Star көрерменге жол тартады. Өнер бәйгесінде 12 елдің талантты әншілері бақ сынайды. Олардың ішінде Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінен келген таланттар бар.
Биыл маусым айында ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) «Silk Way Star» халықаралық жобасы туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат Қытай Халық Республикасы Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында қабылданды.
«Silk Way Star» — Орталық Азия елдері, Кавказ және Қытай әншілері қатысатын алғашқы бірлескен музыкалық жоба. Жоба аясында байқаулық өнер көрсетулер, шоу бағдарламалар мен гала-концерт жоспарланған. Әр түрлі тілде шырқалатын әндер мен жарқын мәдени-музыкалық коллаборациялар мәдениеттер арасындағы ерекше шығармашылық диалогті қалыптастырмақ.
— Бұл - ешқандай франшиза емес, қазақстандық мамандардың ойлап тапқан жобасы. Өздеріңіз білесіздер, елімізде көптеген телеарналарда көрсетілетін ірі музыкалық халықаралық шоулар — шет елдердің франшиза өнімдері. Бұл байқауға 12 елден қатысушылар келеді. Биыл маусым айында ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) «Silk Way Star» халықаралық жобасы туралы келісімге қол қойған болатын. Сол келісімге орай, жобаны күзгі маусымға дайындап жатырмыз, — деді «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған.
Байқауға 12 ел, атап айтқанда Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Малайзия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан өкілдері қатысады. Қатысушылар қатарында танымал әртістермен қатар, жаңа есімдер де бар. Ал біздің елдің намысын талантты әнші, Alem лақап атымен танылған Батырхан Мәліков қорғайды.
— Бұл - зор жауапкершілік. Мен жалпы байқауларға қатыспағалы көп болды және сахнада топпен өнер көрсетіп жүргеннен кейін байқауға қатысуды да ұмытып қалыппын. Сондықтан да ұсыныс түскенде, әрине, қаншалықты бұл жобада өзімді көрсете аламын деп көп ойландым. Бірақ қуана-қуана қабыл алдым, өйткені бұл - мен үшін көк Туымызды әлемдік аренада желбірететін биік мәртебе. Осы мүмкіндік үшін көп-көп рахмет! Мен барымды салып, жеңіске жетуге тырысамын, — деді жас әнші.
Музыкалық сайыс түсірілімі 2025 жылғы 20 тамызда басталады. Гранд-финал 22 қараша күні Jibek Joly/Silk Way телеарналарында және байқауға қатысушы елдердің жетекші телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.
Жеңімпазға SILK WAY STAR ерекше атағы беріліп, өнерін жаһандық сахнада таныту мүмкіндігі ұсынылады.
Келесі жылы Silk Way Star байқауы Қытайда өтеді. Ал одан кейінгі жылдары бұл байқауды өткізуге өзге де Азия елдері ұсыныс жасаса, оларға байқауды өткізу мүмкіндігі берілмек.
Сонымен қатар Jibek Joly/Silk Way жаңа маусымда реалити-шоулар, сараптамалық салмақты бағдарламалар мен еңбек адамдары жайлы бірегей жобалар ұсынады.