“Конституция:құқық, тарих және қоғамдық сана” тақырыбында дөңгелек үстел өтті

“Конституция:құқық, тарих және қоғамдық сана” тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Қазақстан Республикасының Конституциясына арналған «Конституция: құқық, тарих және қоғамдық сана» атты дөңгелек үстел өтті. Modern Talk форматында ұйымдастырылған іс-шарада Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлі, тарихи негіздері мен қоғамдық санаға ықпалы жан-жақты талқыланды.

Шараның басты мақсаты — Конституцияны тек құқықтық құжат ретінде емес, ел тарихымен, қоғамдық құндылықтармен және азаматтық жауапкершілікпен сабақтас маңызды негіз ретінде насихаттау.

Дөңгелек үстел барысында сарапшылар Конституцияның қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Қатысушылар Конституцияның қоғамдық құрылымды айқындайтын басты құжат екенін атап өтіп, заң үстемдігі, зайырлылық қағидалары және адам құқықтарын қорғау мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

-Жас ұрпақ Конституцияны терең түсінуі үшін ең алдымен оның тарихын білуі маңызды. Тарихшылар өз баяндамаларында осы мәселеге ерекше тоқталып, жастардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыруға барынша ықпал ету қажет,-дейді Shakarim University Социологиялық талдауорталығының координаторы Ғазизова Назигүл.

Кездесуде Конституцияға енгізілген бірқатар маңызды баптар да кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, деректерді цифрлық қорғауға қатысты 21-баптың маңызы айтылып, қазіргі цифрлық дәуірде азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау мәселесі өзекті екені атап өтілді. Сонымен қатар «Миранда қағидасының» енгізілуі құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

Отбасы құндылықтарына қатысты 30-бап аясында ұлттық тәрбие, отбасының қоғамдағы рөлі және ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілік мәселелері көтерілді. Ал 9 және 33-баптар негізінде зайырлылық пен заң қағидалары талқыланып, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауда құқықтық мәдениеттің маңызы айтылды.

Сондай-ақ сөз бостандығы мен заң талаптарының арақатынасы жөнінде пікір қозғалып, 23-бап аясында азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігіне назар аударылды. Қатысушылар қоғамдық құндылықтарды нығайту, адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру — бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.


Дөңгелек үстелге зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, музей қызметкерлері, жастар мен қоғам белсенділері қатысты.


#Семей, #Абайская область, #Конституция