Конституция күніне арналған дөңгелек үстел өтті

Конституция күніне арналған дөңгелек үстел өтті

Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Конституция күніне орай «Конституция құқықтық мемлекеттің негізі» тақырыбында  дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға өңірдің құқықтық және академиялық саласының беделді өкілдері, журналистер мен сарапшылар қатысты.

Талқылау барысында сарапшылар конституциялық реформалардың елдің саяси құрылымына әсерін, сондай-ақ құқық қорғау және медиа салаларындағы заңнамалық өзгерістердің нәтижелері жайлы әңгіме қозғады. Сонымен қатар, реформалардың тиімділігі мен олардың қоғамдағы тұрақтылыққа ықпалы қарастырылып, құқықтық реформаларды жүзеге асырудағы негізгі кедергілерге тоқталды.

 

- Бұл халықтың басын біріктіріп, мемлекеттіліктің негізін нығайтатын күндердің бірі. Жалпы енді конституция дегенде өзінің негізгі түсінігін алып қарайтын болсақ, бұл конструкция дегенге де келеді екен. Конституция мемлекеттік құрылымды жасақтайтын құжат қой, - деді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Аман Рахметуллин.

Сарапшылар реформалардың елдің құқықтық жүйесінің дамуындағы маңызын оң бағалап, алдағы уақытта қолға алынуы тиіс қадамдарды айқындады.

- Бұл тақырып қазіргі таңда Қазақстан үшін ерекше маңызды болып табылады, себебі еліміздің демократиялық және құқықтық даму жолында конституциялық реформалардың қажеттілігі артып келеді. Біздің мақсатымыз – осы процестерге баға беріп, құқықтық мемлекеттің негізі ретінде Конституцияның тұрақтылығы мен реформаларға деген қажеттілік арасындағы теңгерімді анықтау, - деп қосты Әлихан Бөкейхан университетінің мемлекеттік құқықтық пәндер кафедрасының окытушысы, медиатор, заңгер Мұхтар Бақтыбеков.

Дөңгелек үстелдің қорытындысында еліміздің демократиялық дамуы жолында реформалардың орны ерекше  екендігі атап өтілді. Іс-шара соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры А.Омаровтың атынан алғыс хат табыс етілді.


#Абайская область, #Конституция