Семей қаласында Ұлттық кітап күніне орай мерекелік іс-шара өтті

Семей қаласында Ұлттық кітап күніне орай мерекелік іс-шара өтті

23 сәуір – Ұлттық кітап күні және кітапханашылар күні. Мерекеге орай «Кітапханадағы түн» атты кең ауқымды мәдени іс-шара өтті. Сонымен қатар, биыл Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтуде. Аталған іс-шараға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысты. 

Бағдарламада ретро-көрмелер, балаларға арналған театрландырылған қойылымдар, зияткерлік ойындар мен квесттер, әдеби кездесулер, комикс және цифрлық жобалар, сондай-ақ шеберлік сабақтары ұсынылды. 1976 жылы негізі қаланған кітапхана жүйесі бүгінде 11 кітапхананы біріктіріп, 20 580 оқырманға қызмет көрсететін ірі мәдени-ақпараттық орталыққа айналды. 

Жыл сайын 191 мыңнан астам келуші қабылданып, 383 мыңнан астам кітап оқырманға жол тартады. Қордағы 358 765 кітаптың ішінде 64 мыңнан астамы мемлекеттік тілде. Кітапхана қорын толықтыру, жаңарту және цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 

Электрондық каталог кеңейіп, цифрлық ресурстар қоры жыл сайын артып келеді. Бұл кітапхана қызметін заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда мыңдаған оқырманға қызмет көрсетіп, жүздеген мың келушіні қабылдап, мол кітап қорымен ел игілігіне қызмет ету – ұжымның кәсібилігі мен адалдығының айқын көрінісі. Әсіресе, мемлекеттік тілдегі әдебиеттер қорын дамытудағы еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Елімізде 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы – сіздердің жұмыстарыңызға жаңа серпін бере білгені сөзсіз. Кітапхана қызметін заманауи талаптарға бейімдеу, цифрлық ресурстарды дамыту бағытындағы бастамаларыңыз – болашаққа жасалған маңызды қадам», – деді қала әкімі өз сөзінде.

Іс-шара соңында қала әкімі кітапхана қызметкерлерін «Құрмет» грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттады.


#Семей, #культура, #библиотека