Семейде Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай салтанатты шара өтті

Семейде Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай салтанатты шара өтті

Биыл ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы. Осыған орай дала данышпанының туған жерінде мерекелік шаралар легі жалғасуда. Облыс орталығында өткен шараға аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, студенттер, қала жұртшылығы қатысты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттақ агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекелік бағдарлама «Бибігүл» қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы ақынның «Торжорға» күйімен ашылды. Шарада сөз алған қала әкімі Талғат Мұратов облыс басшылығының қолдауымен бір ғана Семейде мәдениет, өнер, білім, спорт және басқа да салаларда 180-ге жуық іс-шара өтетінін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуді тапсырды. Бұл – тек бір ақынның ғана емес, бүкіл халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеуге арналған маңызды бастама. Абайдың мұрасын насихаттауға, жастарды философтың идеяларымен тәрбиелеуге, оның еңбектерін заманауи тұрғыда зерделеуге бағытталады. Ойшылдың мұрасы әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады, ал бүгінгі шара оның өнегелі өмірі мен шығармашылығына деген құрметіміздің белгісі», -деді қала әкімі.

Театр сахнасына есімдері елге танымал ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Жұпар Ғабдуллина, Азамат Жылтыркөзов, Айбек Бекбосынов, «Құрмет» орденінің иегері Клара Төленбаева, ҚР мәдениет саласының үздігі Гүлдана Ноғайбаева сынды өнерпаздардан бөлек жергілікті әншілер шығып, Абай шығармашылығынан әндер орындады. 

Ақын мерейтойының аясындағы тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғаса бермек.


#Семей, #Абайская область, #Абай Кунанбаев