Семейде «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы басталды

Семейде «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы басталды

Абай облысында Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар легі жалғасуда. Онкүндіктің сегізінші күнінде Семей қаласындағы Абай атындағы театрда «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Өнер додасына еліміздің әр өңірінен келген он екі айтыскер ақын қатысып жатыр. Олардың қатарында «Айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан сынды 6 «Алтын домбыра» иегері бар. Бұдан бөлек Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы, Өміржан Көпбосынов секілді ақындар сөз сайысының көрігін қыздыруда. Айтыс жүргізушісі – белгілі айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев. Қазылар алқасының төрағасы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман. Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрахманов, ақын Төлеген Жанғалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Серік Қалиев, Қалқаман Сарин, Парламент Мәжілісінің депутаттары Ринат Зайытов, Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Абай облысы филиалының төрағасы Дәулет Сметов айтысқа қазылық етеді.

Республикалық айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

«Абай қазақ ренессансының, яғни, қайта өрлеуінің басында тұрған қазақ. Сол ренессанстың шарықтау шегі –  алаш қайраткерлері. Абай елі, Семей жері – тұңғыштар мекені. Қазақ даласындағы тұңғыш театр, тұңғыш баспа, тұңғыш футбол клубы, тұңғыш телеграф, тұңғыш банк, тұңғыш цирк Семей жерінде дүниеге келді. Қазақтың тұңғыш кәсіби әншісі Әміре Қашаубаев Семей топырағынан түлеген. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абайды да тұңғыш деуге толық қақымыз бар. Сондықтан тұңғыштар жеріне қош келдіңіздер. Бұл жолғы айтыс бұрынғы айтыстардан өзгерек. Олай дейтініміз, мықты ақындардың барлығы ортамыздан табылып отыр. Алдарыңызда тұрған 12 ақынның алтауы «Алтын домбыра» иегері. «Айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев те ортамызда. Мұндай айтыс Семей жерінде көптен бері өткен жоқ. Бүгінгі сөз додасында ақындар елді бірлікке шақырып, салмақты, салиқалы сөз айтады деп сенеміз. Абай тойы құтты болсын!» деді аймақ басшысы.

Айтыс барысында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталып, өңірдің бірнеше ақыны айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшелігіне қабылданды.

Айта кетейік, қала тұрғындары айтысты емін-еркін тамашалауы үшін Абай театрының алдына лед-экран қойылған.


#Абайская область, #Айтыс, #180 лет со дня рождения Абая Кунанбаева