Семейде Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтті
Ақтөбе облысының мәдениет күндері аясында Семейдегі Абай атындағы театрда «Алтын бесік Ақтөбеден – Ұлы Абайға құрмет» атты концерттік бағдарлама ұсынылды.


Гала-концерт алдында екі аймақтың басшылары құттықтау сөз сөйледі. Облыс әкімі Берік Уәли Ақтөбе өңірінен келген қонақтарға, 80-нен астам адамнан құралған арнайы делегацияны, өнерпаздарды бастап келген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа өңір жұртшылығы атынан алғысын жеткізді.


«Ақтөбе өңірі мен Абай облысын байланыстыратын тарихи оқиғалар мен рухани байланыс көп. Ақтөбенің Абай облысындағы мәдени күндері – ұлы даланың қос қиырын жайлаған екі өңірдің терең тамырластығы мен бауырластығын айғақтайтын мәдениет мерекесі. Ақтөбе мен Абай – еліміздің өнерге құштар, білімге іңкәр екі өлкесі, тарихи байланысы ежелден тығыз өңірлер. Бүгін өңірімізге үлкен делегациямен өнер жұлдыздары, зиялы қауым өкілдері арнайы келіп отыр. Бұл өңір аралық рухани-мәдени байланыстарды нығайтып, біздерді бауырластыра, жақындастыра түседі деп ойлаймыз. Сонымен қатар, қадірлі қонақтарымыз бүгін Мемлекет басшысының бастауымен, Үкіметтің арнайы қаулысымен жүзеге асып отырған «Абайға құрмет» акциясы аясында Жекпе-жек сарайының іргесін қалап, ерекше қуанып отырмыз. Аумағы 7000 шаршы метр болатын спорт кешені 900 көрерменді бір мезетте қабылдай алады. Өңірімізде үлкен халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін бірегей нысан болмақ. Бұл аумақта 9 мектеп бар. Яғни, осы ықшам аудандағы балалардың спортпен айналысуына Ақтөбе облысы үлкен мүмкіндік туғызатын болады», – деді аймақ басшысы.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өз сөзінде бүгінгі сапардың екі өңірдің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

«Ең алдымен, 2000-нан астам шақырым қашықтықта жатқан алтын бесік – Ақтөбе өңірінің, Ақтөбе халқының ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Семей төрінде басқосу – өткенге құрмет, бүгінге серт, келешекке аманат. Құнанбайдай дара, Абайдай алып, Шәкәрімдей кемеңгер, басқа да қазақтың тарихи тұлғаларын дүниеге әкелген киелі өңірге тағзым ету – әрбір қазақ үшін парыз. Бұл – ұлт руханиятының темірқазығы, елдікпен ерліктің, парасат пен даналықтың алтын бесігі. Өңірлерімізді ортақ рух, ортақ құндылық, ортақ мақсат біріктіріп тұр. Бүгінгідей шаралар арқылы біз екі облыс арасындағы мәдени, рухани байланыстарды одан әрі нығайта береміз», – деді ол.

Концертте Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония әртістері, А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, «Аққу» би ансамблі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазанғаптанушы Жайлау Асылханов, ҚР мәдениет саласының үздігі Манзура Сапарова, халықаралық конкурстардың лауреаты Дінмұхамед Көшкінбаев, республикалық байқаулардың жүлдегерлері Нұрлан Әбдібеков, Ақбота Қоянбайқызы, Серік Жұбатқан, Құрманғазы Асылханов сынды әншілер өнер көрсетті.



Гала-концерт алдында жұртшылық Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Ақтөбе өңірінің тарихи мұралары» тақырыптық көрмесін тамашалады. Көрмеге Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан 300-ге жуық құнды жәдігер қойылды. Келушілерге Ақтөбе облысындағы халық сәулетінің алуан түрлі үлгілері, Ақтөбе облысында жарық көрген ғылыми-зерттеу еңбектері таныстырылды. Көрме аясында облыс әкімі Берік Уәли қонақтарға Семейде жаңадан салынатын әкімшілік іскерлік аймақтың жобасын таныстырды.
#Семей, #Абайская область, #культура