Семейде Наурыз мерекесіне 50 мыңнан астам тұрғын жиналды
Семей қаласының тұрғындары Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күн мен түннің теңеліп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілерін шағын Алаштың астанасы тағы бір мәрте қуана қарсы алды. Мерекелік шаралар таңғы сағат 10-нан басталды. Мейрамның бас ордасы болған Орталық алаңда 12 киіз үй тігіліп, театрландырылған қойылым қойылды. Күндізгі концертте «Agugai» тобы, «Жігіттер» квартеті және Тоқтар мен Бейбіт ән шашуларын паш етті.

Ал Арбатта жастар алаңы, IT және жасанды интеллект алаңы орнатылды. Әр киіз үйдің алдында ұлттық ойындар ойнатылып, спорттық жарыстардан жүлдегерлер анықталды. Ауылдардың атауына байланысты көрмелер қойылып, тарихи тұлғалардың қолданған жеке заттарынан шағын мұражай ұйымдастырылды. Ақшаңқан қазақ үйлерді облыстық басқармалар, қала әкімдігінің бөлімдері, мемлекеттік және жеке мекемелер, қоғамдық ұйымдар, жоғарғы оқу орындары құрды. Бас алаңнан бөлек қаладағы 5 алаңда мереке бір уақытта тойланды. Әуезов алаңы, Тері-былғары зауыты, Теміржол вокзалы, Юность, Қарағайлы шағын ауданы, «Asimа» СҮ киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерттік бағдарламалар қойылды. Нәтижесінде қала көлемінде 40-қа жуық қазақ үй тігілді. Сонымен қатар арқан тартыс, қол күрес, асық ойыны, қазақ күресі сынды ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Спорттық жарыстардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.

Сондай-ақ, кешкі концертте қала өнерпаздары, Қазақстан эстрада әртістері Диана Исмаил, BAYANSULU, ALEM өз өнерлерін паш етті. Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамына арналған іс-шараларды 50 мыңнан астам тұрғын тамашалады.


