Семейде Ұлттық кітап күніне арналған «Үздік оқырман – 2025» шарасы өтті

Семейде Ұлттық кітап күніне арналған «Үздік оқырман – 2025» шарасы өтті

2025 жылдың 23 сәуірінде елімізде тұңғыш рет жаңа мәдени мереке — Ұлттық кітап күні ресми түрде аталып өтті. Бұл маңызды күн — кітап оқуды дәріптеп, жастар мен жалпы қоғам арасында әдебиетке деген қызығушылықты арттыру мақсатында белгіленген. Мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен енгізілген болатын. Үкіметтің тиісті қаулысы 2024 жылғы 16 шілдеде күшіне енді.

Атаулы күнге орай Абай облыстық әмбебап кітапханасында ерекше шара — «Үздік оқырман – 2025» өткізілді. Шара аясында кітапхананың белсенді оқырмандарына құрмет көрсетіліп, арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Атақты тұлғаларды табу» атты танымдық интеллектуалды ойын ұйымдастырылып, әннен шашу шашылды.

Шара барысында «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы тарапынан да қолдау көрсетілді. Партия мүшесі, Әйелдер қанатының мүшесі, «ADAL AS» компаниясының бас директоры Раушан Мұқажанова демеушілік жасады. Компания атынан табиғи таза өнімдерден жасалған отандық «ABAI елінен сарқыт» сыйлықтары белсенді оқырмандарға табысталды.

Кітапхана ұжымы да шет қалмай, директордың орынбасары Гүлмира Аязбаева үздік оқырмандарға алғыс хат тапсырып, кітаптар сыйға тартты.

Ұлттық кітап күні — еліміздің рухани жаңғыру жолындағы тың қадамдарының бірі. Бұл мереке тек бір күнмен шектелмей, оқырман мәдениетін арттыруға бағытталған жыл бойы жалғасатын шараларға ұласады деп күтілуде.


#Семей, #Абайская область, #библиотека