Семейдегі этноауыл Абайдың 180 жылдығына орай есігін айқара ашты

Семейдегі этноауыл Абайдың 180 жылдығына орай есігін айқара ашты

Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында этноауыл келушілерге есігін айқара ашты. Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік мерекелік іс-шаралар дәл осы этноауылдан бастау алды.

Этноауыл аумағында 10-нан астам киіз үй тігілген. Әр қазақ үйдің маңында халқымыздың салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын насихаттайтын театрландырылған қойылымдар, шеберлік сағаттары және этнографиялық көрмелер ұйымдастырылуда. Келушілер үш бірдей алтыбақан жанында көңіл көтеріп, ұлттық тағамдардан дәм татып, түрлі концерттер мен көрмелерді тамашалай алады.

Этноауылда тек қазақ халқының ғана емес, өзге этностардың да мәдениеті мен тұрмыс-салты кеңінен таныстырылуда. Бұл – Қазақстан халқының бірлігі мен мәдени әртүрлілігін көрсететін ерекше платформа.

Бүгін этноауыл аумағында «Асыл мұра» атты қолөнер шеберлерінің облыстық фестивалі басталды. Шара аясында өңірдің үздік шеберлері өз туындыларын көпшілікке ұсынуда. Үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған фестиваль ұлттық мұраны жаңғыртып, шығармашылықты қолдауға бағытталған. Фестиваль аясында «Аламан құрақ-2025» байқауының жеңімпаздары да марапатталады.

Этноауылдың ашылуына Абай облысының әкімі Берік Уәли арнайы келіп, ұлттық киіз үйлерді аралап, көрмемен танысты. Өнерпаздармен және қолөнершілермен еркін сұхбат құрды.

Сонымен қатар, 1-10 тамыз аралығында этноауыл аумағында қазақ күресі, таэквондо, каратэ-до кекушинкай, садақ ату, тоғызқұмалақ, дойбы, қол күресі, асық ату, турникке тартылу, гір көтеру сынды ұлттық және заманауи спорт түрлерінен ашық қалалық чемпионаттар өтеді.


#180 лет со дня рождения Абая Кунанбаева