«Шежірелі Шымкенттен – Ұлы Абай еліне»: Семейде Шымкенттің мәдениет күндері өтті

«Шежірелі Шымкенттен – Ұлы Абай еліне»: Семейде Шымкенттің мәдениет күндері өтті

Шымкент қаласының мәдениет күндері Абай облысында жоғары деңгейде жалғасты. Екі күнге созылған шаралар аясында Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Шежірелі Шымкенттен – Ұлы Абай еліне» атты салтанатты гала-концерт ұйымдастырылып, өңір жұртшылығына мерекелік көңіл-күй сыйлады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Концерт алдында Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сахна төрінен құттықтау сөздерін айтып, мәдени ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.

Фото Абай олысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Берік Уәли оңтүстіктен арнайы келген 200-ге жуық өнерпаздан құралған делегацияны жылы қабылдап, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке екі өңір арасындағы мәдени байланысты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. 

«Қасиетті Абай еліне, Семей жеріне, тұңғыштар мекеніне қош келдіңіздер. Сіздерді Абай облысының шырайлы топырағында, мәдениетіміздің алтын қазынасына толы өлкемізде қарсы алу біз үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе», – деді аймақ басшысы.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысын қайта құру жөніндегі тарихи шешімі өңірдің дамуына үлкен серпін бергенін айтты. Аймақ басшысы соңғы жылы төрт бірдей облыстың өнер ұжымдары Абай елінде өнер көрсеткенін, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, өңіраралық байланыстардың күшейгенін атап өтті. Сонымен қатар Шымкентте өткен Абай облысының мәдени күндерінде қойылған «Абай айтқан Еңлік – Кебек» спектаклі мен Тұрағұл Абайұлына орнатылған ескерткіш тақта туралы сөз қозғап, екі өңір арасындағы мәдени сабақтастықтың тереңдеп келе жатқанын айтты.

«Абайдың 180 жылдығына орай Президенттің бастамасымен іске асып жатқан ‘Абайға құрмет’ акциясын алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласы қолдады. Семейге екі бірдей ғимарат салып бергелі отыр», – деді. 

Сондай-ақ Семейге салынатын жаңа Шығармашылық орталық пен Мәдениет үйі екі жақты ынтымақтастықтың нақты жемісі екенін жеткізді.

Фото Абай олысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Семей халқының қонақжайлығына алғыс айтып, екі өңірдің мәдени серіктестігі бұрынғыдан да нығайғанын айтты:

«Абай атамыздың 180 жылдық мерейтойы аясында шымкенттіктер осы өңірге осымен 4-інші рет келіп отырған жайымыз бар. Енді, міне, төртінші сапарда, ұлы ақынның 180 жылдығына символикалық мәнге ие 180 өнерпазбен келіп отырмыз», – деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Гала-концертте Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, Шымкент цирк эстрадалық оркестрі, «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі, «Қазына» би ансамблі, «Өркен» тобы және дәстүрлі әншілер көрерменге әсерлі бағдарлама ұсынды. 

Фото Абай олысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Танымал эстрада жұлдыздары Ғазизхан Шекербеков, Бағлан Жолдасов пен Бота Әлімхан Абай еліне арнап әсем әннен шашу шашты. Кеш барысында Шәмші Қалдаяқовтың жүрек тебірентер әндері шырқалып, Сүгірдің күмбірлеген күйлері тыңдарманды рухани тереңдікке жетеледі.

Фото Абай олысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Музыкалық кештен бұрын көрермендер үшін Абай атындағы театр фойесінде «Көне қала – Шымкент» атты арнайы көрме ұйымдастырылды. Экспозиция үш бөлімнен — «Көне Шымкент тарихы», «Этнография» және тарихи фотосуреттер топтамасынан тұрды.

Көрме 2200 жылдық тарихы бар шежірелі шаһардың көне дәуірден бүгінге дейінгі мәдени дамуын, археологиялық мұраларын және рухани құндылықтарын кең көлемде таныстырды. Қонақтар ежелгі қаланың дүниежүзі өркениеттерімен байланысын, этнографиялық ерекшеліктерін және тарихи суреттер арқылы Шымкенттің өткенін тамашалады.

Кеш соңында көрермендерге ерекше сый ретінде әйгілі күйші Секен Тұрысбеков пен танымал әнші, композитор Ғазизхан Шекербеков бірігіп «Ақ жауын» күйін орындады. Шынайы шеберлікпен күмбірлеген туынды залға жиналған жұртшылықты тәнті етіп, гала-концерттің әсерлі қорытындысына айналды. Тыңдармандар қос өнерпазды ұзақ қол соғумен шығарып салды.

Шымкенттің шығармашылық ұжымдары мен Абай елінің өнерсүйер қауымы үшін бұл шара нағыз мәдени диалог алаңына айналды. Екі өңір басшылары атап өткендей, рухани байланысты нығайтатын бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Шежірелі Шымкент пен Ұлы Абай елі арасындағы достық көпірі өнер арқылы одан әрі беки түспек.


#Абайская область, #Шымкент, #культура, #180 лет со дня рождения Абая Кунанбаева