Ұлы ақынның 180 жылдығы Абай шаңырағында бастау алды
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар басталды, - деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Биыл ақынның мерейтойы және Абай музейінің 85 жылдығы қатар келіп отыр.

Осыған орай Абай музейінде «Абай әлемдік ойдың алыбы» мәдени-танымдық шарасы және «Абай бейнелеу өнерінде» тақырыбында көрме өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері мен мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев мерейтой өңірде лайықты деңгейде аталып өтілетінін тілге тиек етті.

«Біздің аймақ үшін Абайдың орны бөлек. Облысымыз ұлы ақынның есімін иеленгендіктен бұл мерейтой лайықты деңгейде өтетін болады. Мәдени-рухани және танымдық шараларға басымдық беріледі. Сонымен қатар, Италияда Абайдың ескерткішін ашу жоспарланып отыр», - деді ол.

Сондай-ақ, шара барысында Абай әндері шырқалып, Абай атындағы музыкалы-драма театрының «Жаза-Наза» трагедиясынан үзінді көпшілік назарына ұсынылды.
#Абайская область, #Абай Кунанбаев, #культура