«Ұрпақтан ұрпаққа» жалғасқан байқау

«Ұрпақтан ұрпаққа» жалғасқан байқау

Көктем мезгіліне есігін айқара ашқан 1 наурыз күні Семейде тағылымы терең «Ұрпақтан ұрпаққа» атты өнер байқауы өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz  тілшісі. Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараның басты ерекшелігі ата-әже, немеренің қазақтың ұлттық салт-дәстүріне қатысты сайыстарда бақ сынауы болды.  Сөйтіп Семей, Курчатов қалалары мен Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандарынан келген осындай 10 топтың қайсы болсын, ел алдына шыққанда қазақтың ұлттық киім өрнегімен көзге түсіп, көрермен назарын аударды. Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Назира Тасболатқызы қатысушыларға сәттілік тілеп, «Алғыс күніне» әрі алдағы наурыз мерекесіне орай ізгі тілегін білдірген соң, тиісті шарттарына сәйкес, байқау көркі қызып жүре берді. Үш кезеңге межеленген байқаудың алғашқы «Бала батыр» кезеңінде немерелер өнер көрсетіп, көрермен көңілінен шығуға барын салса, келесі «Апамның ақ ұршығы» бойынша әжелер ұршық иіруден сайысқа түсті. «Ақ бата -асыл мұра» атты үшінші кезеңде аталар бата түрлерінен яғни, жас шаңыраққа, ел бірлігіне, әулет қуанышына бата беру сияқты ұлттық қазынамыздың мәнін танытты.

«Наурыз мерекесінің алғашқы көрінісі саналатын «Ұрпақтан ұрпаққа» атты бұл байқаудың отбасылық тәрбиеде мәні зор. Көріп отырғандарыңыздай атасы, әжесі және немересі қатысқан сайыстың қызықты өтуіне де баса назар аудардық. Жасыратыны жоқ кейде ел ішінде бата беретін ақсақалдар азайды немесе жіп иіріп, текемет, сырмақ басатын әжелер қалмады дегенді жиі естіп жүрміз. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әрі ұлттық құндылығымызды насихаттап, бүгінгі ұрпақтың бойына дарыту үшін осындай жұмысты қолға алғанды жөн көрдік. Бұл байқау- сол ісіміздің алғашқы қадамы»,- дейді облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының басшысы Ерлан Сұлтанов.   

Қатысушылар әулет үшін ғана емес аудан намысы үшін де барын салған өнер байқауының қорытындысы бойынша Жарма ауданының «Алтын ұя» командасы (атасы Жармұхамет Мұрат, әжесі – Мағауи Тоқтархан, немересі Сая Сәрсенбекқызы І орын биігінен көрінсе, ІІ орынды Ақсуат ауданының «Руханият» командасы (атасы- Дүйсен Сағымбаев, апасы Зәмзәгүл Төлеубаева, немересі Еркежан Болатхан) еншіледі.  Ал, ІІІ орын Бородулиха ауданының «Атамекен» командасына (атасы - Сағатбек Қоқым, апасы Мадина Мақиқызы, немересі Наргиз Қайратқызы) бұйырды.

Жеңімпаздарға және басқа да қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.


#Семей, #Абайская область, #культура