AMANAT фракциясы президент ұстанған бағытқа заңнамалық қолдау көрсетуді күшейтеді
Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларға мәжіліс депутаттары – "AMANAT" партиясы фракциясының мүшелері заңнамалық қолдау көрсетеді. Халық қалаулыларының алдында тұрған жаңа міндеттер бүгін фракция жиналысында талқыланды,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Stan.kz сілтеме жасап.
Сөз басында мәжіліс спикері, "AMANAT" төрағасы Ерлан Қошанов президент жедел шешуді қажет ететін елдегі ең маңызды мәселелерді айқындап бергенін атап өтті."Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырманы орындау кезіндегі тиімсіз бюрократиялық тәсілдерді нақты мысал келтіре отырып айтты. Бүгінде нақты нәтижеге бағытталған кәсіби тәсіл қажет. Бұл қағиданы заң шығару барысында да ұстануымыз керек. мәжілісте әзірленген әрбір заң президенттің мемлекетті дамытуды және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін міндеттерін жүзеге асыру үшін жұмыс істеуі тиіс", – деді "AMANAT" партиясының төрағасы.
Мәжіліс спикері мемлекет басшысы "AMANAT" ұсынған премьер-министрді тағайындағанын және бұл шешім президенттің партияға деген жоғары сенімін, оның ел болашағына жауапкершілігін көрсететінін айтты.
"Мемлекет басшысы экономика өсімін жыл сайын кемінде 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету және 2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін 450 млрд АҚШ долларына жеткізу жөнінде нақты міндет қойды. Осыған байланысты, парламент депутаттары мен үкімет бірлесіп, тығыз жұмыс істеуі керек. Алда тұрған барлық міндетті тек осылай ғана тиімді жүзеге асыруға болады", – деді Ерлан Қошанов.
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі жиын барысында партия фракциясының мүшелері де сөз алды. Асхат Аймағамбетов халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау тетіктерін қайта қарау бойынша депутаттардың атқарып жатқан жұмысы туралы, Нұртай Сабильянов құрылыс кодексіне және мемлекеттік сатып алу жөніндегі жаңа заң жобасына түзету енгізу бойынша депутаттардың жүргізіп жатқан жұмысы туралы, Сергей Пономарев су ресурстарын тиімді пайдалану және су кодексін әзірлеу мәселесі туралы, Болатбек Нажметдинұлы көлік-логистикалық әлеуетті дамыту жөніндегі шаралар туралы, Берік Бейсенғалиев бюджет және салық саясатының тиімділігін арттыру бойынша өз ұсынысын айтты. Ал Нұржан Әшімбетов президенттің ауыл шаруашылығы бағытына қатысты тапсырмаларын жүзеге асыру жоспарлары туралы мәлімет берді.
Жиынды қорытындылай келе мәжіліс спикері Ерлан Қошанов "AMANAT" фракциясы президент тапсырмаларын жүзеге асыру жұмысын күшейтуі тиіс екенін атап өтті.
#мажилис, #Парламент, #Нуртай Сабильянов