Абай облысында “ҚазАвтоЖол”ұлттық компаниясының мамандары қар құрсауында қалғандарды құтқаруда

Абай облысында “ҚазАвтоЖол”ұлттық компаниясының мамандары қар құрсауында қалғандарды құтқаруда

“ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының  мамандары Абай облысында түні бойы қар құрсауында қалғандарды құтқарып әлек. Олар 60 тан астам автокөлікті жолға салған. Дегенмен кептелісте тұрғандар әлі де көп. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі  "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК Абай облысындағы фииалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.  

Түнде сағат 23:00 ден бастап «Алматы - Талдықорған - Өскемен” тас жолының Таскескен ауылына бұрылыс пен Аягөз қаласы аралығында жүк көліктері үшін, артынша жеңіл көліктер үшін де жол жабылған. Алайда аталған учаскеде үдете соққан боран кезінде  жолға шығып үлгерген 100 ден астам көлік тұрып қалған. “ҚазАвтожол” ұлттық компаниясының 20 ға жуық ауыр техникасы түні бойы құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қатты боран тас жолды толық тазалауға мұрша бермей тұр. Жолда қалған 3 жолаушы автобусы Аягөз қаласына жеткізілген. 77 адам, оның ішінде 3 бала жылыту пунктіне орналастырылды. Таскескен ауылына бұрылыс пен Аягөз аралығы әлі де жабық. Таскескен жағында 90 жүк, 40 жеңіл көлік пен 4 автобус жолдың ашылуын тосып тұр. Аягөз жақтан да жолға шығып, қатынастың қалыпына келуін күтіп 120 дан астам көлік күтуде.

Көктем шықты дегенмен, қыс әлі де мінез көрсетіп тұр. Сондықтан мамандар жолға шықпас бұрын 1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы жолдың ашықтығы жайлы ақпарат алуға кеңес береді.


#Абайская область, #КазАвтоЖол, #«Национальный центр качества дорожных активов»