Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы дүниеден өтті

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы дүниеден өтті

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы дүниеден өтті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы 1950 жылы 22 қыркүйекте Тарбағатай тауында дүниеге келген. 12 жасында ата-анасымен бірге атамекеніне оралады. Орта мектепті бұрынғы Семей облысына қарасты Баршатас ауылында оқыды. Болашақ жазушының поэзиядағы бастапқы, бірінші үлгісі белгілі бір ақынның туындылары емес, қазақтың қара өлеңі еді. Ол қара өлең үрдісімен құрбы-құрдастарын сықақтайтын.

Еңбек жолын өте ерте бастады. 1967 жылы 8 сыныптан кейін мектепті тастап, журналистика саласымен айналысты.

Ол алғашқы қызметін Шұбартау аудандық «Жаңа Өмір» газетінде әдеби қызметкерден бастайды. Тырнақалды туындылары да, алғашқы «Балалық» өлеңі де осы  газетте жарияланды. Несіпбекті жастай қызметке алған аудандық «Жаңа өмір» газеті әдебиет әлеміне апаратын баспалдаққа айналды. Таланты жас ақын үшін шынымен де жаңа өмір басталды.

Одан кейін екі жылдай аудандық газетте жұмыс істеп, 1969 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1974 жылы бітіреді.  1972 жылы қазіргі «Жас алаш» газетінде алғашқы топтамасы жарық көрді.

Несіпбек Айтұлы «Алғашқы жол», «Көктем тынысы», «Уақыт жаңғырығы», «Әке туралы сыр» және басқа да кітаптардың авторы. 1988 жылы жазушының бастауыш мектеп оқушыларына арналған «Күміс күйме» өлеңдер жинағы орыс тілінде жарық көрді.

Несіпбек Айтұлы сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл мен Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтардың иегері, «Парасат» орденімен марапатталған. Аягөз және Табағай аудандарының құрметті азаматы.

Несіпбек Айтұлы тек жазушылықпен ғана айналысқан жоқ, сондай-ақ ол шебер аудармашы. Оның  «Ескендір қорғаны», «Игорь жорығы туралы жыр» жане басқа аударма кітаптары бар. Ол қытай, француз, түрік, орыс жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Соның ішінде, Бо Цызюдің, француз ақыны Родаридың, Түріктің ұлы ақыны Жүніс Еміренің, сондай-ақ Исаковский, Барто, Михалков, Баруздин, Берестов, Сыдықовтың өлеңдерін аударды.

Несіпбек Айтұлының«Бас сүйектері», «Жасынның сынығы» «Найзағай» поэмаларынан басқа «Көз жасым, «Бөрітостаған», «Құланойнақ», «Бөгенбай», «Бердіқожа», «Шақантай», «Бәйтерек», «Қара-өткел қырғыны» секілді шығармалары бар.

Ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы 73 жасында өмірден өтті.


#Семей