Семейдегі аспалы көпір суықтан жарылып кетті

Семейдегі аспалы көпір суықтан жарылып кетті

Семейде аспалы көпірдің деформациялық жігінің орнында жарықтар пайда болды – мамандар бұған күннің суықтығы себеп болды деген қорытындыға келді, деп хабарлайды Abai News сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі. Ертіс арқылы өтетін аспалы көпірдегі саңылау бейнеленген фотосурет жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр. Шенеуніктер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Абай облыстық полиция департаменті бұған қатысты пікір білдірді. "Полиция қызметкерлері өз құзыреті шегінде көпірдің жай-күйіне визуалды тексеріс жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша әкімдікке деформациялық жікті мұздан тазарту қажеттігі туралы ұйғарым жіберілді. Деформациялық жіктің ашылып кетуіне ауа температурасының төмендеуі себеп болған", - деп хабарлады ведомстводан. Сондай-ақ Семей қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мән-жайды баяндап берді. "16 ақпанда ауа температурасы -29 градус болған кезде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері аспалы көпірдегі деформациялық жіктер мен көпірдің көзге көрінетін тіректерінің құрылымдарын визуалды тексерді. Нәтижесінде деформациялық жік қырларының арасынан №1 тіректен 70 мм-дей және №10 тіректен 60 мм-дей саңылау анықталды. Көпірдің тірегінің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды, көпірдің құлау қаупі анықталған жоқ", - деді олар. Ведомство өкілдері төмен температура кезінде мамандар көпірді тәулік бойы бақылайтынын хабарлады. Айта кетейік, "Қазгидромет" РМК мәліметінше, бүгін күндіз Семейде ауа температурасы -36 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде. Ертең және ертең түнде ауа температурасы -37...-38 градусқа дейін жетеді. 


#Семей, #Абайская область, #мост