Жалған ақпарат: Ауылдық жерлер Қытай азаматтарына сатылған жоқ!
Соңғы уақытта WhatsApp мессенджері арқылы Қарабұта, Көктал, Қаратұма, Келдімұрат және Мақаншы ауылдарындағы шұрайлы жерлер Қытай азаматтарына сатылды деген жалған ақпарат тарауда. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды! Аталған ауылдардағы жер телімдері тек Қазақстан Республикасының азаматтарына 49 жылға жалға берілген. Ешбір жер учаскесі Қытай азаматтарына сатылған жоқ. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Мақаншы ауданының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Біріншіден, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 24-бабының 1-тармағына сәйкес, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар отандық ұйымдарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке немесе жер пайдалану құқығымен иеленуге рұқсат етілмейді. Екіншіден, Мақаншы ауданы құрылған сәттен бастап бірде-бір ауыл шаруашылығы жер учаскесі шетелдік азаматтарға берілген емес,-делінген хабарламада.
Әлеуметтік желілерде аталған жер телімдері бойынша нақты мәлімет:
- Бұғыбай ауылы, кадастр № 23-248-070-33_ – 49 жылға жалға беріліп, бүгінде О.Қ. (ҚР азаматы) иелігінде.
- Көктал ауылы, кадастр № 23-248-061-38_ – қазіргі иесі М.Н. (ҚР азаматы).
- Көктал ауылы, кадастр № 23-248-061-45_, 23-248-061-45_, 23-248-061-32_ – қазіргі иесі О.Қ. (ҚР азаматы).
- Қарабұта ауылы, кадастр № 23-248-070-03_, 23-248-070-33_, 23-248-070-34_ – қазіргі иесі И.М. (ҚР азаматы).
Аталған мәмілелердің барлығы қазақстандық азаматтар арасында заңды түрде жасалған және жерді шетел азаматтарына беру фактісі жоқ. Қазіргі таңда аудан шаруашылықтары өнімділікті арттыру мақсатында Қытай елінің озық агротехнологияларын пайдаланып келеді. Бұл – шекаралас елмен тәжірибе алмасу және инновациялық әдістерді енгізу бағытындағы ынтымақтастық қана. Ауыл тұрғындарының қалаға көшуі мен еңбек күші тапшылығы, сондай-ақ техника ескіруі егістік жерлердің толық игерілмеуіне әсер етуде. Сондықтан жергілікті шаруалар шетелдің тиімді технологияларын пайдалану арқылы жерді тиімді игеру және өнім көлемін арттыруды көздеп отыр. Аудан әкімдігі Сіздерді тек ресми ақпарат көздеріне сенуге, расталмаған жалған хабарларға ермеуге және арандатушылыққа бой алдырмауға шақырады,-деп жазылған ақпаратта.
#Абайская область, #Китай, #Маканчинский район