Абай облысында жол апатынан екі адамның өмірі қиылды
Абай облысының Көкпекті ауданында екі көліктің қатысуынан екі адам мерт болды,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«102» арнасына белгісіз ер адамнан республикалық маңызы бар “Омск-Майқапшағай” тас жолында жол-көлік оқиғасы орын алып, зардап шеккендер бар екені туралы хабарлама келіп түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, “Mazda 626” маркалы автокөлігін басқарған 51 жастағы облыс орталығының тұрғыны басып озу маневрін орындау кезінде қарсы жолаққа шығып кеткен. Қарсы бағытта келе жатқан “Mercedes-Benz Sprinter” көлігі соқтығысты айналып өте алмады.
Оқиға салдарынан жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Түрлі дене жарақаттарымен тағы бір көліктің жолаушылары ауруханаға жеткізіліп, жатқызылды, «Мазда 626» маркалы автокөлігіндегі 20 жастағы жолаушы ауруханада есін жимай көз жұмған. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Абай облысы полиция департаменті жүргізушілерге жолда абай болып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, сондай-ақ ауа райы жағдайын ескеруді тағы да ескертеді.