Қоғамдық бірлестік құру рәсімі жеңілдетіліп, жауапкершілік күшейтіледі – Нартай Сәрсенғалиев
Алдағы сәрсенбіде өтетін Мәжілістің жалпы отырысында «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы 1-оқылымда талқыға түседі. Осыған орай аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының төрағасы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтен ұсынылып отырған жаңа нормалар жайында сұрап білген едік, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Kazinform сілтеме жасап.
«Өздеріңіз білетіндей, республиканың аумақтық құрылымы өзгеріп, 3 облыс орталығы құрылды. Осыған орай қазіргі қолданыстағы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңды реттеу қажеттілігі туындап отыр. Осыны реттеуді көздедік. Алайда, ең басты новелла бірлестік құруға қатысты өзгеріс болмақ. Бұрын бізде қоғамдық бірлестік құру үшін 10 құрылтайшы қажет еді. Енді заң жобасына сәйкес, елімізде қоғамдық бірлестік құру үшін 3 құрылтайшы жеткілікті болады. Тағы бір өзгеріс – осы уақытқа дейін бізде қоғамдық бірлестіктер ашылып, жабылып жатады. Ал ендігі уақытта бірлестіктің қаржылық негіздемесі болса, онда мемлекеттік органдар оны жабылғанға дейін тексереді. Бұл жауапкершілікті күшейтеді», - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат заң жобасын әзірлеу барысында еуропалық тәжірибе тыңғылықты зерделенгенін айтады.
«Кәсіподақтар, діни бірлестіктер, саяси партияларға қатысты сауалдар да келіп түсуде, бұл өте маңызды. Саяси партияларға, діни бірлестіктерге, кәсіподақтарға бұл заңда көзделген жеңілдіктер жүрмейді. Діни ұйымдар да, саяси партиялар да, кәсіподақтар да өздерінің салалық заңнамасымен реттеледі. Ұсынылып отырған заң жобасына сүйеніп кәсіподақ, діни бірлестік немесе саяси партия құруға рұқсат берілмейді. Бұл заң жобасы алдағы сәрсенбіде 1-оқылымға шығарылады», - деді Мәжіліс депутаты.
Депутат заң жобасы бойынша Мәжілістің барлық комитеті оң қорытынды бергенін, депутаттар тарапынан қарсылық болмағанын атап өтеді.
«Ең бастысы – қоғамды демократияландыру, азаматтарымызға барынша көп қоғамдық бірлестік құруға мүмкіндік беру. Жұмыс тобында құрылтайшы саны азайтылып, бірлестік көбейсе «мемлекеттік органдарға салмақ болады» деген пікірлер болды. Бірақ, оған қарап отыра алмаймыз ғой. Өйткені, «демократиялық қоғам, естуші мемлекет құрамыз» деп азаматтарға жеке мүмкіндік берсек, енді оларға бірлестік құруға да жол ашуымыз қажет. Түрлі мәселелер бойынша ұстанымын білдіріп, қоғамдық бірлестік құрғысы келе ме азаматтарымыз, онда ешқандай мәселе болмауы тиіс. 3 құрылтайшы тауып, құрсын. Ары қарай қанша мүшесі болатындығы олардың белсенділігіне, жұмыстарына байланысты. Бастысы құрылтайшылар санын 10-нан 3-ке түсіріп бермекпіз», - деді Нартай Аралбайұлы.
#мажилис, #Парламент, #депутат