Е.Қарин: Парламенттік реформа – Ашық қоғамға қадам

Е.Қарин: Парламенттік реформа – Ашық қоғамға қадам

Қазақстан Президенті бастамашы болған Парламенттік реформаны жүзеге асыру үдерісі жаңа кезеңге қадам басты. Бұл – елдің саяси жүйесін жетілдіруде халықтың пікірін ескеруге бағытталған тағы бір нақты қадам.

«Мемлекет басшысы Жұмыс тобының алғашқы отырысында ел азаматтарының Парламенттік реформаны талқылауға қатысуы маңызды екенін атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік e-Otinish платформасында және eGov сервисінде азаматтардың парламенттік жүйені жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жинау ұйымдастырылады. Олар «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлімге ұсыныстарын жолдап, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға үлес қоса алады. Парламенттік реформаны мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог арқылы жүзеге асыру Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарына толық сәйкес келеді»,-дейді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин. 

Қоғамдағы өзгерістердің табысты болуы – көп жағдайда оның қаншалықты ашық және инклюзивті жүргізілетініне байланысты. Жаңа парламенттік реформалар елдің саяси институттарын тиімдірек, ашық әрі есеп беруші етуге бағытталып отыр. Сол себепті де қарапайым азаматтардың дауысы, пікірі мен ұсыныстары аса маңызды рөл атқарады.

Бұл үдерістің ерекшелігі – тек кәсіби сарапшылар мен шенеуніктер емес, әрбір Қазақстан азаматы елдің болашағына қатысты ойымен бөлісе алады. Қоғамды ортақ іске жұмылдыратын мұндай тәсілдер халықтың сенімін арттырып, реформаның сапасын да жақсартады.

Парламенттік реформалар – жай ғана саяси өзгеріс емес, бұл – халық пен билік арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікке негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі. 


#Президент РК, #Парламент