Түрікменстан Президенті «Алтын қыран» орденімен марапатталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 желтоқсанда Ашхабадта өтетін Халықаралық бейбітшілік және сенім форумына қатысады. Бұл туралы Қазақстан Президенті елімізге мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында айтты.
- Қазіргі заманғы Түрікменстанды басқарудағы еңбегіңізді жоғары бағалайтынымызды айтқым келеді және Сіздің мықты көшбасшылығыңыздың арқасында еліңіздің экономикасы қарқынды дамып, Түрікменстанның халықаралық аренадағы беделі артуда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді және Сіз арқылы бүкіл бауырлас түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтағым келеді. Ашхабадтың бейбітсүйгіш саясаттын, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етудегі ортақ мақсатты ілгерілетуге бағытталған Сіздің жасампаз бастамаларыңызды толық қолдаймыз, - деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы Түрікменстанның БҰҰ қолдауымен Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы аясында табысты өткізіп жатқан кең ауқымды іс-шараға айрықша назар аударды.
- 12 желтоқсанда өтетін Үлкен халықаралық форумға қатысу үшін баруды жоспарлап отырмын. Құрметті Президент мырза, Қазақстан-Түрікменстан қатынастарын нығайтуға қосқан зор үлесіңізді ескере отырып, мен Сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы — «Алтан қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанымды хабарлағым келеді. Бұл жоғары марапат Сізге, сондай-ақ бүкіл бауырлас түрікмен халқына деген терең құрметті білдіреді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
#Президент РК, #Казахстан, #Туркменистан