Абай облысының әкімі дауыс берді

Абай облысының әкімі дауыс берді

Семей қаласында еліміз бойынша алғаш рет қала әкімін тікелей сайлау өтіп жатыр. Қала аумағында барлығы 129 сайлау комиссиясы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 1-уі аумақтық және 128-і учаскелік комиссия. Сайлаушылар саны – 220 761 адам. Облыс әкімі Берік Уәли қала жұртшылығымен бірге Медициналық университетте орналасқан №93 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін – Семей қаласы тарихындағы ерекше күн. Қала тұрғындары тұңғыш рет өз әкімін тікелей дауыс беру арқылы сайлайтын болады. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың нақты жүзеге асуының айқын көрінісі. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен басқару жүйесін демократияландыру бағытындағы жаңа қадамдар бүгінде нақты іс жүзінде көрініс табуда. Семейліктер, соның ішінде жастар мен аға буын өкілдері таңертеңнен бері сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық белсенділік танытып жатыр. Бұл – елдегі саяси мәдениеттің өсіп келе жатқанын, халықтың өз қаласының тағдырына бей-жай қарамай, жауапкершілікпен қарай бастағанын көрсетеді. Облыс орталығының әкімін тікелей сайлау – тұрғындар мен мен жергілікті билік арасындағы сенімді нығайтатын жаңа дәуірдің бастауы», – деді аймақ басшысы.

Сайлаушыларға барынша қолайлы жағдай жасалған. Сайлау учаскелері пандустармен, тактильді бағыттағыштармен және арнайы белгілермен жабдықталған. Сайлау процесі сағат 7:00-де басталып, 20:00-де аяқталады. Облыс орталығын басқаруға 3 үміткер қатысуда.


#Семей, #Абайская область, #выборы, #Аким области Абай