ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Абай облысына жұмыс сапарымен болды

ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Абай облысына жұмыс сапарымен болды

2025 жылғы 6 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Абай облысына жұмыс сапарымен барды. Жұмыс сапарына ҚР ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов және комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.

          Сапар аясында Семей қаласының әкімін сайлау (2025 жылғы 12 қазан) және шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттарын (2025 жылғы 26 қазан) қосымша сайлауға дайындық барысы пысықталды.

          Іссапар барысында іс-шаралар мақсаты сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру, сайлау комиссияларының дайындығы мен электоралдық оқыту жұмыстарын бағалау, әдістемелік көмек көрсетуге бағытталды. 

          Елімізде облыстық деңгейдегі әкiмшiлiк орталықтың әкімін сайлау алғаш рет Семей қаласында өткізілмек. Аталған науқанға 129 сайлау комиссиясы жұмылдырылған: 1 аумақтық және 128 учаскелік комиссиялары. Шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттарын қосымша сайлау жұмыстарына 5 аумақтық, 5 округтік, 25 учаскелік сайлау комиссиясы тартылған. 

          ОСК Төрағасы сайлауға дайындық мәселелерін пысықтау мақсатында жауапты органдардың басшыларының қатысуымен арнайы жиын өткізді. Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы, облыстық прокуратура, полиция, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, аумақтық сайлау комиссияларының және Семей қаласының жауапты мемлекеттік органдар басшылары қатысты. 

«Семей қаласында алғаш рет қала әкімі тікелей сайлау арқылы сайланатын болады. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асқан конституциялық реформа шеңберіндегі демократиялық жаңғырудың айқын көрінісі және азаматтардың жергілікті деңгейде маңызды шешімдерді қабылдауға қатысуын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам. Сондықтан жауапты науқан барысында заңдылықты, ашықтықты қамтамасыз ету - барлығымыз үшін басты міндет болып табылады»,– деді ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Сапар барысындағы келесі іс-шара – дәстүрге айналған жас сайлаушылармен кездесуге ұласты. Кездесуге 500-ден астам жас сайлаушылар: студенттер, оқушылар, Жас сайлаушылар клубы мен жастар ұйымдарының өкілдері, жас мамандар қатысты. 

Жастармен жүздесу барысында Ортсайлауком басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» Жолдауындағы негізгі тезистерге, Парламентті реформалау жөніндегі бастама және негізгі шешімдерді жалпыұлттық референдумдар арқылы қабылдау тәжірибесіне егжей-тегжейлі тоқталды.

Жүздесу барысында жастар электоралдық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде сайлау және референдумдарды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының ұсынымдары бойынша пікірлерді анықтауға бағытталған дәстүрлі онлайн-сауалнамаға белсенді түрде қатысты. 

Сауалнаманың нәтижелері: 

77,9% респондент Президенттікке кандидаттар үшін мемлекеттік қызметте қызмет өтілі болғанын қолдайтынын;

39,8% респондент дәстүрлі қағаз бюллетень арқылы дауыс беруді қалайтынын;

27,6% респондент сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар дауыс беруге қатыспауы тиіс деп есептейтінін;

29,1% респондент сотталған азаматтардың сайлау құқықтарын шектеуді қолдайтынын;

47,8% респондент сайлау туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы алатынын көрсетті.

Кездесу ашық пікір алмасу, сұрақ-жауап форматында өтті. Жастар тарапынан көтерілген мәселелер негізінен жастарды сайлауға тарту, олардың электоралдық мәдениетін арттыру, жас сайлаушылар клубының жұмысын одан әрі ілгерілету, қоғамда жастардың азаматтық белсенділігін жетілдіруді қамтыды. Атап айтқанда, Жас сайлаушылар клубының мүшелері Айдана Сапарбекова жастардың сайлауға қызығушылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар туралы, ал Айзере Қайсанова жас сайлаушыларға арналған үндеу жолдауды сұрады.

Шәкәрім университетінің Жастарды қолдау орталығының басшысы Арайлым Оразғалиева сайлау процесін одан әрі демократияландыру бағытындағы жоспарлар жайлы, аталған университеттің студенті, пікірсайыс клубының мүшесі Нұрай Тұрысбекова электронды сайлауды енгізу мәселесі туралы сұрақтар қойды. 

Жас сайлаушылар клубының мүшесі Нариман Сағидолла Клубты құру идеясының қалай пайда болғаны жөнінде сұраса, Электротехникалық колледж студенті Асланбек Бақытбекұлы сайлаудың жастар үшін маңыздылығына тоқталды. Бизнес және сервис колледжінің студенті, Студенттік парламент ұйымының президенті Жанна Байгерей әйелдердің саясаттағы рөлін кеңейту, депутаттар мен әкімдер арасында әйелдер санының артуы мәселелерін көтерді. 

Ортсайлауком басшысының Семей қаласының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесуінде сайлау комиссияларының сайлау науқанына дайындық барысы, сайлау учаскелерін жарақтандыру, сайлаушыларды ақпараттандыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар комиссия мүшелерінің электоралдық білімін жетілдіру, тәжірибелік дағдыларын арттыру, сайлаушылар тізімімен сапалы жұмыс жүргізу, сондай-ақ байқаушылар, сенім білдірілген адамдар мен БАҚ өкілдерінің сайлау учаскесіндегі қызметіне заңнамада белгіленген жағдайды жасау сұрақтары талқыланды. 

Кездесуде Нұрлан Әбдіров сайлау науқандарында заң талаптарын қатаң сақтау елдегі демократиялық өзгерістерді ілгерілетудің, азаматтардың сенімін арттырудың және электоралдық процестің ашықтығын қамтамасыз етудің басты шарты болатынын ерекше атап өтті.

Одан әрі сайлау комиссияларының мүшелері сайлау заңнамасы мен сайлау рәсімдерін терең меңгеру деңгейін анықтауға арналған тестілеуден өтті. Бұл ретте, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби құзіреттілігін үнемі жетілдіру ОСК-ның басты назарында екендігін атап өткен жөн.

Тестілеу қорытындысымен сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған семинар ұйымдастырылды. Семинарда сайлау комиссияларының мүшелері нақты жағдайларға негізделген жаттығуларды орындап, тәжірибелік машықтарын жетілдірді. Әсіресе дауыс беру барысындағы заң талаптарын сақтау, сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл мәселелері сараланды.

ОСК Төрағасы сапар барысында №93 сайлау учаскесін аралап, оның материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Учаскенің дауыс беру күніне дайындығы, дауыс беру кабиналарының орналасуы, мүгедектігі бар азаматтарға арналған қолайлы жағдайлардың жасалуы басты назарға алынды.


#Семей, #Абайская область, #выборы