Семейліктер алғаш рет қала әкімін өздері сайлауда

Семейліктер алғаш рет қала әкімін өздері сайлауда

Бүгін, 12 қазан 2025 жылы, Семей қаласының тарихында ерекше күн. Тұрғындар алғаш рет қала әкімін тікелей дауыс беру арқылы сайлап жатыр. Бұл — Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нақты нәтижесі және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің жаңа кезеңге қадам басқанын білдіреді.

Сайлау таңғы сағат 07:00-де басталды. Қала бойынша 100-ден астам сайлау учаскесі ашылып, сайлаушылар өз дауыстарын белсенді түрде беруде. Процестің әділ өтуін бақылаушылар мен қоғамдық ұйым өкілдері қадағалауда.

Алғашқылардың бірі болып дауыс берген қала тұрғыны Зарина Серікқалиқызы өз әсерімен бөлісті:

«Бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Президент реформасына сай алғаш рет өзіміз қала әкімін сайлап жатырмыз. Бұл болашаққа деген сенімді арттырады», — деді ол.

Сайлауға бірнеше үміткер қатысып, әрқайсысы Семей қаласын дамытуға бағытталған өз бағдарламаларын ұсынды. Тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, олардың пікірлері мен ұсыныстары назарға алынды. Үміткерлердің бастамалары әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, жастарды қолдау, экологиялық мәселелерді шешу және экономикалық өсімді қамтамасыз ету сияқты маңызды бағыттарды қамтыды.

Семей қаласының тұрғындары үшін бұл сайлау — тек жаңа әкімді таңдау ғана емес, өз болашағына әсер ету мүмкіндігі. Елде жүргізіліп жатқан саяси жаңғыртулар халықтың мемлекеттік басқару ісіне тікелей араласуына жол ашып отыр.

Сайлау нәтижесі ресми түрде жақын күндері жарияланады.


#Семей, #Абайская область, #выборы