Абай облысының аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған өзекті мәселелер Үкімет назарына ұсынылды

Абай облысының аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған өзекті мәселелер Үкімет назарына ұсынылды

Абай облысында ауыл шаруашылығы мен ауылдық инфрақұрылымды дамытуға қатысты бірқатар жүйелі мәселелер анықталып, олар бойынша ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауал жолданды, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Парламент депутаты Сәкен Арубаевтың айтуынша, Сенаттың Аграрлық комитеті өңірде көшпелі отырыс өткізіп, жергілікті жағдайды жан-жақты зерттегеннен кейін, шешуді қажет ететін негізгі төрт бағыт айқындалған.

Біріншіден қой шаруашылығын дамытып, қолдау қажет. Оған өңірдің әлеуеті зор.

Абай облысы – 1,3 миллионнан астам ұсақ малы бар, мал өсіруге ең қолайлы аймақтардың бірі. Облыста 3,6 млн гектар пайдаланылмай жатқан жайылым бар, бұл қой шаруашылығын қайта өркендетуге мүмкіндік береді. Өңір шаруашылықтары бұрыннан қалыптасқан тәжірибе мен инфрақұрылымға сүйене отырып, мал саны мен өнім сапасын арттыра алады. Келесі жылы іске қосылуы жоспарланған «Eurasia Agro Semey» ЖШС-ның ет өңдеу кешені – саланың дамуына серпін беретін маңызды жоба. 

Кешен тәулігіне: 70 бас ірі қара, 700 бас ұсақ мал өңдеуге қауқарлы,консерві және шұжық цехында тәулігіне 17 тонна өнім шығарылмақ.

Жобаның екінші кезеңінде 50 мың басты бордақылау алаңын салу жоспарланған. Бұл бастама Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді. Депутаттар қой шаруашылығын қолдау үшін «Игілік» бағдарламасы аясында 50 млрд теңге көлемінде қаржы бөлуді ұсынады.

Екіншіден суармалы егіншілік пен су шаруашылығын жаңғырту мәселесі.  Бұл ретте облыс әкімдігінің дерегінше, су үнемдеу технологияларын қолданатын алқаптарды алдағы 5 жылда 19 335 гектардан 88 200 гектарға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Алайда 2026–2028 жылдарға арналған субсидиялау көлемі қажетті 21,2 млрд теңгенің орнына тек 5,7 млрд теңге деңгейінде бекітілген. 

Мақсатқа жету үшін субсидияны:

2026 жылы – 6,2 млрд теңгеге,

2027 жылы – 9 млрд теңгеге,

2028 жылы – 6 млрд теңгегеұлғайту ұсынылды.

Сонымен қатар өңірдегі 95 су нысанының:

28-і қанағаттанарлықсыз,

1-еуі апаттық жағдайда тұр.

Бұл нысандарды жөндеу үшін сметалық құжаттарды жедел дайындап, қаржыландыру қарастыру қажет. Су мәселесі – өңірдің экологиялық жағдайы мен азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды бағыт.

Үшіншіден субсидия мен несиеге қолжетімділік мәселесі өңірдегі шаруаларды алаңдатып отыр.Бүгінде субсидиялауға 13 млрд теңге берешек жиналған.Абай облысының шаруалары үшін субсидиялардың уақытылы төленбеуі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. 
Оның ішінде:

инвестициялық субсидиялар – 3,8 млрд тг (503 өтінім);

сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау – 3,2 млрд тг (583 өтінім);

асыл тұқымды мал шаруашылығына арналған субсидиялар – 2,3 млрд тг күту парағында тұр;

өсімдік шаруашылығы бойынша – 3,7 млрд тг (2067 өтінім) төленбей отыр.

Қаражаттың жеткіліксіздігі өңірдегі кәсіпкерлер мен шаруалар үшін айтарлықтай қиындық туғызуда.

Төртіншіден, ауылдық жерлерде интернеттің болмауыдамуға үлкен кедергі келтіруде. 326 елді мекені бар Абай облысында:

тек 112 ауыл (34,7%) – 4G интернетпен қамтылған;

87 елді мекен – 3G/2G деңгейінде;

127 елді мекенде мүлде интернет жоқ.

Цифрлық инфрақұрылымның нашар дамуы ауылдағы әлеуметтік жағдайға, білім сапасына және ауыл шаруашылығы технологияларын енгізуге кедергі келтіріп отыр.

Өңір халқы 598 мың адамды құрайды, оның 37,4% ауылда тұрады. Соңғы жылдары республика бойынша 116 ауылдың жойылғанын ескерсек, ауылды дамыту – ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін маңызды фактор.

Сенат депутаттары Абай облысының ауыл шаруашылығын дамыту елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Өңірдегі қой шаруашылығын қолдау, су шаруашылығын жаңғырту, субсидия мәселесін реттеу және цифрлық инфрақұрылымды жақсарту мемлекеттік деңгейде шешуді қажет етеді.

Депутаттар Үкімет басшысын аталған проблемаларды бақылауға алып, тиісті шаралар қабылдауға шақырды.


#Абайская область, #Сельское хозяйство, #сенат, #Парламент, #Правительство