Стандартқа сай емес хостелдердің жұмысын тоқтату керек – Нұртөре Жүсіп

Стандартқа сай емес хостелдердің жұмысын тоқтату керек – Нұртөре Жүсіп

Сенатор Нұртөре Жүсіп стандартқа сай емес хостелдердің жұмысын тоқтату қажеттігін айтты, деп хабарлайды Kazinformсілтеме жасап, abaidan.kz  тілшісі. «Қазіргі уақытта Алматыда, Астанада, қай қалада болсын студенттердің жатақханаға орналасуы өте қиын. Көбіне бірінші курс студенттеріне ғана орын беріп, қалған курстарға түрлі сылтау айтып, орын бермеуге тырысады. Қаражаты, шәкіртақысы жетпегеннен кейін не істейді? Амал жоқ, арзан хостелдерді жағалайды. Ал олардың қауіпсіздігін, сапасын қаншалықты қадағалап жатқанын білмеймін. Мынадай жағдай оларға да назар аударатын уақыттың әлдеқашан жеткенін көрсетіп отыр», - деді Нұртөре Жүсіп.

Оның атап өтуінше, үй-жай ретінде пайдаланатын барлық нысанды өрт, жер сілкінісі қауіпсіздігіне тексеру қажет.  «Болашақта мұндай жағдай қайталанбауы үшін стандартқа сай келмейтін хостелдердің жұмысын тоқтату қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әсіресе қонақүйлерді, хостелдерді, жатақханаларды, кезінде барақ үлгісінде салынған құрылыстарды тексеру керек. Өйткені, аяқ-астынан 13 адамның осындай қайғылы жайтқа тап болуы - қасірет. Жауапкершілік мәселесін қатаңдатқан дұрыс», - деді сенатор.  Еске салайық, Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты.  Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 30 қараша күні сағат 05:33-те түскен. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде жетті. Өрттен зардап шеккен 2 адам қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылды. Хостелден 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.


#право, #сенат, #Парламент