Абай облысында «Жас сарбаз барысы» II республикалық турнирі өтті

Абай облысында «Жас сарбаз барысы» II республикалық турнирі өтті

Республиканың әр облысынан келген қатысушылар үздік атаққа қол жеткізу үшін бақ сынасты. Абай облысында Республика күні  қарсаңында «Жас сарбаз барысы» турнирі ұйымдастырылды. Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев өзінің құттықтау сөзінде, біріншілікті өткізу орны кездейсоқ таңдалмағанын жеткізді.

- Бүгін турнир, еліміздің Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Ерасыл Қажыбаев сынды чемпиондары мен спортшылары шыққан киелі Абай жерінде өтуде. Бүгінде олар көптеген жас спортшыларға үлгі. Біз олардың әрбір жетістіктеріне шынайы қуанып, мақтан тұтамыз. - деді Айдар Садырбаев.

Сонымен қатар, шара барысында «Шығыс» өңірлік әскерлерінің қолбасшысы Жеңіс Маралов сөз сөйлеп, өңірлік біріншіліктерді өткізудің маңыздылығын атап өтті.

- Бүгінгі турнирде әркім өз шеберлігін шыңдап, болашақта еліміздің намысын халықаралық аренада қорғап, жоғары деңгейде нәтижелер көрсетеді деген үміттемін. Турнирдің барлық қатысушыларына сәттілік тілеймін, - деп атап өтті Жеңіс Маралов.

«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев бүгінгі жарыс тек спорттық шараның ауқымы кең екендігіне тоқталды.

- Бүгін Семейде «Жас сарбаз барысы» турнирі екінші рет өтуде. Бұл біріншілікке тек жас буын қатысады. Айта кету керек, бұл жай ғана қазақ күресі бойынша турнир емес, жарыс бағдарламасында Абай жеріне экскурсия, мұражайға бару және қаланың көрікті жерлерін көрсету болды. Келесі жылы біз бұл турнирді халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз және қазір бұл мәселені пысықтап жатырмыз, - деп түйіндеді Мейірбек Меңдіғалиев.

Жарыс қорытындысы бойынша «Жас сарбаз барысы» атағын Абай облысынан Ерасыл Нұрахметов иеленсе, екінші орынға Павладор облысынан келген Алмас Рысбеков қол жеткізді. Ал, үздік үштіктің жүлдесі Павлодардан келген Теміртас Файзоллаға бұйырды. Сонымен қатар, «Үздік техника» номинациясын Астана қаласының спортшысы Ержан Нұрмұхаммадин алса, «Жеңіске ұмтылыс» номинациясына Жетісу облысынан  Қайсар Бекмұханбетұлы лайық деп танылды.


#Абайская область, #Спорт