Байқошқар ауылында жаңа спорт залы салынбақ

Байқошқар ауылында жаңа спорт залы салынбақ

Аягөз ауданының әкімі Айбек Нұғымаров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Байқошқар ауылында спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында маңызды жоба қолға алынғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Оның айтуынша, ауылға жаңа спорт залын салу үшін биылғы жылға 90 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл мәселе Абай облысы әкімінің шалғайдағы ауыл тұрғындарымен өткен кездесуінде көтерілген болатын. Ауылдағы мектепте де спорт зал жоқтығын айтқан халық, аймақ басшысынан көмек сұраған.  Қазіргі таңда жоба бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Аудан әкімінің сөзінше, құрылыс жұмыстары мердігер ұйым толық анықталып, барлық заң талаптарына сай келісімшарт жасалғаннан кейін басталады.

Сонымен қатар, аудан әкімі жобаның құнына қатысты өзгерістер болуы мүмкін екенін атап өтті. Себебі жобалық-сметалық құжаттама 2024 жылы әзірленген, ал қазіргі уақыттағы баға өзгерістеріне байланысты қаржыны ұлғайту мәселесі қарастырылуда.

«Жоба толығымен жарияланып, барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана нақты құрылыс жұмыстары басталады. Біз бұл нысанның сапалы әрі уақытылы салынуын басты назарда ұстаймыз», — деді аудан әкімі.

Спорт зал Байқошқар ауылы тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беріп, жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасайды деп күтілуде.


#Спорт, #Аягоз