Бородулиха ауданында спорттық сауықтыру орталығы ашылды
Петропавловка ауылы облыс орталығынан 37 шақырым жерде орналасқан. Елді мекенде қазіргі таңда 883 тұрғын тұрады. Нысан құрылысы 2024 жылы басталып, биыл аяқталды. Ғимараттың жалпы ауданы 864 шаршы метрді құрайды. Бір уақытта 300 адамды қабылдай алады. Аталған орталықтың ашылуы елді-мекен тұрғындарына бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік береді.

Орталықта музыкалық, көркемдік, мәдени және спорттық бағыттар бойынша түрлі үйірмелерді ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, домбыра, фортепиано және гитара үйрететін музыкалық үйірмелер, мүсіндеу мен сурет салуға арналған көркемдік бағыттағы сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар театр үйірмесі жұмыс істеп, тұрғындардың шығармашылық қабілетін дамытады. Зияткерлік дамуға бағытталған дойбы, шахмат және тоғызқұмалақ ойындары бойынша үйірмелер ашу көзделген. Ақпараттық технологиялар саласына қызығушылық танытатындар үшін IT үйірмесі жұмыс істейді. Бұдан бөлек волейбол, баскетбол, футбол, фитнес және басқа да спорт түрлері бойынша спорттық секциялар ұйымдастыру көзделген.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Берік Уәли ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтап, нысанның елді мекен үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ауыл тұрғындары спорт және демалыс орталығының ашылуын ыстық ықыласпен қабылдады. Өйткені, Петропавловка ауылында 2000 жылдан бері мәдениет пен спортқа арналған мекеме болмаған.
«Ауылымызда осындай заманауи нысанның салынғанына қуаныштымыз. Жастар мен балалар осы жерге келіп, жаттығатын болады. Мұнда халық спортпен тұрақты айналысып, бос уақытын пайдалы өткізе алады. Осындай қолдаудың арқасында ауылымыздан талай жас чемпиондар шығады деп сенемін. Тұрғындар атынан осы іске үлес қосқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді ауыл тұрғыны Шафқат Исмурзин.

Биыл Бородулиха ауданында 50-ге жуық бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 3 мыңнан астам адам қатысты. Шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, волейбол, баскетбол, шағын футбол және өзге де спорт түрлері бойынша аудандық ашық турнирлер ұйымдастырылды. Аудан спортшылары облыстық чемпионаттарға тұрақты түрде қатысып келеді.

Ауданда 65 спорт нысаны мен 33 спорт залы жұмыс істейді. Сондай-ақ, Бородулиха балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қарамағында спорт кешені мен стадион бар. Қазіргі таңда спорттың 35 түрі бойынша 414 спорт секциясы жұмыс істейді. Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 13 014 адамды құрайды.
#Абайская область, #Спорт, #Бородулихинский район