Бородулихадағы бұқаралық спортқа бетбұрыс – «AMANAT» жобасының нәтижесі
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалар өңірлердегі нақты мәселелерді шешіп, ауыл өміріне тың серпін беріп келеді. Соның бірі – Бородулиха ауданы тұрғындары үшін маңызды нысанға айналған жаңа спорт кешені.

Бұған дейін ауданда заманауи спорт инфрақұрылымы болмаған. Жастар мен балалар спортпен жүйелі түрде айналысу үшін қолайлы жағдай таппай, көбіне мектеп залдары мен ашық алаңдарды ғана пайдаланатын. Ал аудандық және өңірлік жарыстардың өзге елдімекендерде өтуі жас спортшылардың мүмкіндігін шектеп келді.
Бұл мәселе «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүйелі түрде шешімін тапты. 2024 жылы «Бородулиха ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ салынып, аудан тұрғындарының игілігіне берілді.

Бүгінде аталған нысан – ауданның негізгі спорт орталығы. Кешен заманауи талаптарға сай жабдықталған. Оның құрамына бірнеше ойын залы, жүзу бассейні және 500 орындық стадион кіреді. Бейнебақылау жүйелері орнатылып,қауіпсіздік талаптары да толық сақталған. Спорт мектебінде бокс, күрес, дзюдо, футбол, волейбол, жүзу, қазақ күресі, хоккей секілді спорт секциялары жұмыс істейді. Онда 650-ден астам бала спортпен тұрақты айналысады. Сондай-ақ 622 бала 12 спорт түрі бойынша дайындықтан өтуде. Бұдан бөлек аудандық деңгейдегі мини-футбол, баскетбол, бокс және басқа да жарыстар өткізіліп келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етуде.
Жасалған жағдайдың нақты нәтижесі де бар. 2025 жылы шаңғы жарысынан Қазақстан чемпионатында Дария Волкова 2-орын иеленді. Бокс бойынша Алишер Күсембаев республикалық турнирде жеңімпаз атанды. Дзюдодан Арнұр Құмаров пен Еркенұр Маратқызы облыстық деңгейде жүлдегер атанып, Арнұр Құмаров республикалық турнирде 1-орынды жеңіп алды. Бұл көрсеткіш – жас спортшыларға жасалған жағдайдың нақты жемісі. Осылайша алдағы уақытта кәсіби спортшылардың жаңа буыны қалыптаспақ.
«Бұрын ауданымызда балаларға арналған мұндай спорт кешені жоқ еді. Балаларымыздың қайда барып, қалай жаттығатыны біз үшін әрдайым мәселе болатын. Енді ауылымызда заман талабына сай жаңа спорт кешені ашылып, балаларға барлық мүмкіндік жасалды. Қазір олар осы жерде спортпен шұғылданып, бос уақытын пайдалы өткізіп жүр. Менің де балам осы кешендегі бассейнге барады. Бұл оның көптен бергі арманы еді. Ең бастысы — ата-ана ретінде балаларымыздың қауіпсіз жерде жүргеніне сенімдіміз. Барлық жағдайы жасалған. Осындай игі істің жүзеге асқанына өте қуаныштымыз. Бұл жай ғана спорт кешені емес, бұл – балаларымыздың болашағына жасалған маңызды қадам. Осындай нысанның ашылуына үлес қосқан «AMANAT» партиясына ризашылығымызды білдіреміз», – дейді Бородулиха ауылының тұрғыны Еркежан Маутқанова.
Жаңа нысан ауданда спортты дамытуға ғана емес, жұмыспен қамту мәселесін шешуге де ықпал етті. Қазіргі уақытта кешенде 70-тен астам адам еңбек етеді, оның ішінде 30-дан астамы – жаттықтырушы. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзіне айналды.
Спорт мектебі барлық тұрғындар үшінқолжетімді. Белгіленген уақыттарда ересек адамдарде келіп, спортпен шұғылдануға мүмкіндік алып отыр. Соның нәтижесінде Бородулихатұрғындарының спортқа деген қызығушылығы айтарлықтай артып отыр.
Жалпы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Абай облысында бірқатар спорт кешені іске қосылып, спорт инфрақұрылымықарқынды дамып келеді.
#Абайская область, #Спорт, #Бородулихинский район