Қазақстандық арнайы жасақ UAE SWAT Challenge турнирінде көш бастап келеді

Қазақстандық арнайы жасақ UAE SWAT Challenge турнирінде көш бастап келеді

UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің үшінші күні Қазақстан үшін айрықша тарихи сәттерге толы болды. Әлемнің 48 елінен келген 109 элиталық команданың арасында қазақстандық арнайы жасақ нағыз шеберліктің, ұйымшылдықтың және кәсіби дайындықтың үлгісін көрсетті.

Үшінші күннің қорытындысы бойынша барлық жүлделі орын қазақстандық командалардың еншісінде. Турнир кестесінің алғашқы сатысында “Kazakhstan A” командасы тұр. Олар “Офицерді құтқару” кезеңін рекордтық 2 минутта (02:00) аяқтап, сайыс тарихындағы үздік нәтижені тіркеді. Екінші орынды “Kazakhstan B” командасы иеленсе, үшінші кезеңнің қола жүлдесі “Kazakhstan C” командасына бұйырды.

Сонымен қатар, тағы екі қазақстандық команда үздік 20 команданың қатарына енді. “Kazakhstan D” командасы 19-орында тұр. Ал одан кейінгі орында “Tomiris” қыздар командасы жайғасты. Олар әйелдер командалары арасындағы үздік нәтижені қайталап қана қоймай, көптеген ерлер командаларынан озып шықты. Бұл — отандық спорт пен арнайы қызмет саласындағы әйелдердің әлеуетін дәлелдейтін айқын көрсеткіш.

Үш кезеңнің жалпы нәтижесі бойынша “Kazakhstan C” командасы көш басында. Ал “Kazakhstan A” командасы олардан қалыспай, екінші орынға нық орналасқан. Осылайша, қазақстандық арнайы жасақ әлемдік деңгейдегі элиталық турнирде сенімді түрде алға шығуда.

Алда UAE SWAT Challenge турнирінің тағы екі кезеңі бар. Ел намысын қорғап жүрген батырларымызға жанкүйер болып, жеңіспен оралуын тілейміз.

Алға, Қазақстан! 


#Спорт, #Казахстан