Спортшыларға құрмет көрсетілді

Спортшыларға құрмет көрсетілді

      «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің әскери қызметшілеріхалықаралық додаларда жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Орал қаласында самбодан өткен әлем чемпионатында 98 келіден асатын салмақ дәрежесінде 27943 әскери бөлімінің гарнизондық спорт кешенінің бастығы аға лейтенант Талғат Әміренов бірінші орынға ие болса, 63310 әскери бөлімінің есептоп командирі сержант Диас Құрықбаев 71 келі салмақ дәрежесінде күміс медальді місе тұтты. Он сегіз елдің құрыш білектілері бас қосқан тартысты бәсекеден олжалы оралған әскери қызметшілерді Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке құттықтаған болатын. Сондай-ақ Өзбекстанда гір спортынан өткенхалықаралық чемпионатта  10810 әскери бөлімінің взвод командирі 3-сыныпты сержант Сұңқар Қуанышев пен 10810 әскери бөлімінің аға маман-шебері 3-сыныпты сержант Тілеужан Жанабеков бірінші орынды қанжығаларына байлады. Ал 02352 әскери бөлімінің бөлімше командирі сержант Берік Қазрытканов екінші орынға ие болды.

 Байрақты бәсекеде бағы жанған әскери қызметшілерді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Қуанышбек Үштаев құттықтады. Ол әрбір спортшыға жылы лебізін жолдап,он бес күнге демалыс жариялады. 

Ал спортшылар болса берілген демалысты барынша  нәтижелі пайдаланып, алда өтетін жарыстарға дайындық жаттығуларынажұмсамақ.     

-        Қарсыластарым осал болмады. Барлығы да әккі балуандар. Дегенмен мен бұл сайыста әскер спортының қандай деңгейде екендігін көрсеткім келді. Жалпы мен алты жасымнан бастап спортпен айналысамын. Менің мақсатым -елімнің көк байрағын биіктен желбірету. Осы мақсатыма қолдау танытқан жандарға айтар алғысым шексіз, - дейді  27943 әскери бөлімінің гарнизондық спорт кешенінің бастығы аға лейтенант Талғат Әміренов.

 


#Семей, #Региональное командование "Восток"