Семей қаласында құқық қорғау саласына қатысты маңызды кадрлық өзгеріс орын алды. Қала әкімі Әділет Нұрсағатов қала активіне жаңа полиция басшысын таныстырды. Жиынға қала прокуроры, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың сенімін арттыру бағытындағы негізгі міндеттер талқыланды.
Абай облысы Полиция департаменті Семей қаласы Полиция басқармасының бастығы болып Абай Шнарұлы Бақтияров тағайындалды.

Абай Бақтияров 1978 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Семей мемлекеттік университетін тәмамдаса, 2024 жылы Орталық Азия университетінде агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы экономика және менеджмент, сондай-ақ құқықтану мамандықтары бойынша білім алған. Еңбек жолын ішкі істер органдарында жалғастырып, әр жылдары Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде жедел уәкіл және түрлі басшылық қызметтерді атқарған. 2021 жылдан бері ішкі істер органдарында қызметін жалғастырып келеді. Соңғы уақытқа дейін ол ШҚО Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында еңбек еткен.

Жиын барысында қала әкімі жаңа басшыға жауапты қызметінде табыс тілеп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту қажеттігіне ерекше назар аударылды.





