Облыс әкімі Алакөлдің туристік әлеуетін арттыруды тапсырды
Облыс әкімі Мақаншы ауданына жұмыс сапары барысында Алакөл жағалауында болып, туристік инфрақұрылымдардың жағдайымен танысты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мақаншы ауданының әкімі аймақ басшысына Алакөл жағалауында жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобаларды таныстырып, өзекті мәселелер туралы баяндады.


Қазіргі таңда көл жағалауында жалғыз ғана Арбат бар. Алайда ондағы шағын сәулеттік пішіндер, шатырлар мен орындықтардың тозығы жеткен. Сондықтан көл жағалауында тағы бір Арбат салу қажеттігі туындап отыр. Аудан әкімдігі жобалық сметалық құжаттама әзірлеген. Арбат салынатын орын да анықталған. Облыс әкімі нысан бой көтеретін жерді көріп, жобаны қолдап, жұмысты жазғытұрым бастауды тапсырды.

Алакөлдегі өзекті мәселелердің бірі - электр энергиясының тапшылығы. Қатты қалдықтар полигонын салу да күнтәртібінде тұр. Жағалауда дәретханалар жетіспейді. Балалар ойнайтын алаңдар, спорттық нысандар аз.

Алакөлдің мәселелерімен жіті танысқан аймақ басшысы аудан әкіміне жобалар бойынша тиісті ұсыныс беруді тапсырды.
«Отандық туризмді дамыту туралы Президент үнемі айтып келеді. Өңірде туризмді өркендету үшін Туризм басқармасын құрамыз. Алдағы облыстық мәслихат сессиясында осы мәселені қараймыз. Облыстың інжу-маржаны саналатын Алакөлдің туристік әлеуеті өте зор. Жағалаудың инфрақұрылымын жаңғыртуды кешенді түрде қолға алуымыз керек. Облыс тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз» деді облыс әкімі.
#Абайская область, #Туризм, #Алаколь, #Аким области Абай, #Берик Уали