Премьер-министр Ұлттық ядролық орталықта болды

Премьер-министр Ұлттық ядролық орталықта болды

Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) кеңсесінде Премьер-министрге атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы негізгі жобалар туралы баяндалды. Орталық – ядролық қауіпсіздік, атом энергетикасы және радиациялық экология мәселелеріне маманданған жетекші ғылыми-зерттеу ұйымы. Ұлттық ядролық орталықта ғылыми ізденістер жүргізу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлау мәселелері қамтылған. Олжас Бектенов өңірде экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған зерттеулерді жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.

Аталған орталықта Премьер-министрдің төрағалығымен энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өтті. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директор Ернат Бердіқұлов, «Ұлттық ядролық орталық» РМК бас директоры Эрлан Батырбеков Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына дайындық барысы туралы баяндады.

Энергетика министрлігі Атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеуде, ол келешекте атом стансаларын салу және ядро-энергетикалық бағдарламаны тиімді іске асыру үшін қажетті басқа да бағыттарды дамыту жоспарларын қамтиды. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, отандық жоғары оқу орындары, колледждер және «Ядролық физика институты» РМК базасында АЭС салу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету үшін жоғары білікті мамандар даярлау бойынша кешенді жоспар жобасы әзірленді. Сондай-ақ Курчатов аумағында ғылыми қалашықтарды дамыту бойынша ұсынылған тәсілдер қаралды.

«Мемлекет басшысы алдымызға энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру жөнінде маңызды міндет қойды. Қазақстан – әлемдік нарықтағы 43% үлесімен уран экспорты бойынша көшбасшы мемлекет. Бізде зерттеу реакторларын пайдалану тәжірибесі бар және мықты ғылыми әлеует қалыптасқан. Толық ядролық отын цикліне көшу экономиканың барлық саласында ілгерілеуді қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр салалық ведомстволар басшыларына бірқатар тапсырма берді.


#Абайская область, #город Курчатов