Абай облысында «Борышкер» акциясы аясында 14 рейд өткізілді
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Мағжан Есенбаев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, есепті кезеңде сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға заң көмегін көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілген.
Жарты жыл ішінде жеке сот орындаушылары «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 14 рейд ұйымдастырған. Шаралардың негізгі мақсаты – берешекті өндіріп алу тиімділігін арттыру, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету және борышкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
- Биылғы бірінші жартыжылдықта біз сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету ғана емес, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға да басымдық бердік. Осы бағытта түрлі акциялар мен консультациялық кездесулер ұйымдастырылып, азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетілді, – деді Мағжан Есенбаев.
Әлеуметтік жауапкершілік аясында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жарма және Бородулиха аудандарында, сондай-ақ Семей қаласында қайырымдылық акциялары өткізіліп, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетілген.
Сонымен қатар Әділет департаментімен, нотариустармен және заң консультанттарымен бірлесіп «Әділет кеңес береді» акциясы аясында 11 іс-шара ұйымдастырылып, тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша кеңестер берілген.
Өңірлік палата республикалық «Заң керуені» акциясына да белсенді қатысып, Көкпекті мен Бородулиха аудандарының тұрғындарына тегін заң көмегін көрсеткен. Бұдан бөлек, прокуратурамен бірлескен «Құқықтық дәріхана» жобасы шеңберінде Семей қаласында және Жаңасемей ауданында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Брифинг барысында өңірлік палата алдағы уақытта да халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және азаматтарға қолжетімді құқықтық көмек көрсету бағытындағы жұмыстарын жалғастыратыны атап өтілді.
#Абайская область, #судебные исполнители, #суд, #Закон и порядок