Абай облысында еңбек қауіпсіздігіне қатысты 148 заң бұзушылық анықталды

Абай облысында еңбек қауіпсіздігіне қатысты 148 заң бұзушылық анықталды

Абай облысы бойынша еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшесі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізуді жалғастыруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында  еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімі басшысының м.а Қайрат Жокебаев мәлімдеді.

2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша Департаментке 268 өтініш түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан. Азаматтардың басым бөлігі пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы төлеу, жалақыны уақытылы бермеу, заңсыз жұмыстан шығару және өзге де еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бойынша жүгінген.

Есепті кезеңде 47 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 2 кәсіпорында профилактикалық бақылау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылдың І жартыжылдығында тағы 8 кәсіпорында профилактикалық бақылау өткізу жоспарланған.

– Тексеру нәтижесінде жалпы 148 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 99-ы еңбек қатынастарына, 49-ы еңбек қауіпсіздігі талаптарына қатысты. Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында жұмыс берушілерге 44 нұсқама беріліп, 28 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы көлемі 3,3 миллион теңгені құрады.Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 31 кәсіпорында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді Қайрат Жокебаев.

Сонымен қатар, өңірде өндірістік жарақаттану жағдайларының артуы алаңдаушылық туғызуда. 2026 жылы Абай облысында өндірісте 18 жазатайым оқиға тіркеліп, 50 қызметкер зардап шекті. Оның ішінде 7 әйел адам бар. Өкінішке қарай, 3 оқиға өліммен аяқталып, 10 адам ауыр жарақат алған.

– Өндірістік жарақаттану фактілері негізінен тау-металлургия саласында, шағын бизнес нысандарында, бюджеттік ұйымдарда және басқа да салаларда орын алды.Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жұмыстарды ұйымдастырудағы кемшіліктер,қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы,қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқыту деңгейінің жеткіліксіздігі, – дейді спикер.

Жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзуға жол берген тұлғалар анықталып, оқиғалардың себептерін жою бойынша нақты шаралар әзірленді.

2026 жылы 12 жазатайым оқиға бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 13 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Мамандардың мәліметінше, еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы көбіне құрылыс саласында және әртүрлі бағыттағы жеке кәсіпкерлер арасында жиі кездеседі.


#Абайская область, #Право человека, #Право