Абай облысында өнімдерді таңбалау талаптары түсіндірілді
Тамақ өнімдері мен халық тұтынатын тауарларды таңбалау, сертификаттау және декларациялау талаптарының сақталуы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қалдыбатыр мен басқарманың бас маманы Дана Тансыкбаева айтты. Мамандардың сөзінше, өнімнің қаптамасында атауы, құрамы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және өндіруші туралы мәлімет толық көрсетілуге тиіс. Бұл ақпарат сатып алушыға тауар туралы дұрыс мәлімет алып, дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. Дегенмен таңбалау талаптарының сақталмауы әлі де кездеседі. Атап айтқанда, кей өнімдерде міндетті ақпарат толық көрсетілмейді, құрамы туралы жаңсақ мәлімет беріледі, жарамдылық мерзімі өткен тауарлар сатылады немесе мемлекеттік тілдегі ақпарат болмайды. Брифинг барысында сертификаттау мен декларациялаудың маңызы да сөз болды. Бұл құжаттар өнімнің техникалық талаптарға сәйкестігін растайды және тұтынушыға ұсынылатын тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты мәлімет береді.
– Әрбір тұтынушы өнімді сатып алар алдында заттаңбасын мұқият оқып, құрамына, шығарылған күніне, жарамдылық мерзіміне және сақтау шарттарына мән бергені жөн. Бұл дұрыс таңдау жасауға көмектеседі, – деді Әділ Қалдыбатыр.
Мамандар сапасы күмән туғызатын немесе контрафактілік өнім анықталған жағдайда азаматтар уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе «e-Otinish» сервисі арқылы өтініш бере алатынын еске салды. Сондай-ақ тұрғындарға тауарды ресми сауда орындарынан сатып алып, қаптамадағы ақпаратпен мұқият танысу ұсынылды
#Закон, #Абайская область, #сертификация