Абай облысында заңсыз жұмыс істеген шетелдіктер анықталды

Абай облысында заңсыз жұмыс істеген шетелдіктер анықталды

Абай облысында көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Профилактика» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған шара аясында өңір аумағында бірқатар тексерулер жүргізіліп, заңсыз еңбек қызметіне қатысты деректер анықталды, - деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мәселен, Жарма аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген тексеру барысында Қалбатау ауылындағы салынып жатқан құрылыс нысанында төрт шетел азаматының заңсыз жұмыс істеп жүргені белгілі болды. Олардың Қазақстан Республикасында еңбек етуге қажетті рұқсат құжаттары мен біліктілігін растайтын тиісті анықтамалары болмаған.

Аталған құқық бұзушылық бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар Жарма аудандық сотына жолданды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайларда 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу немесе ел аумағынан әкімшілік тәртіппен шығару сияқты жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылды. Ол еңбек және көші-қон заңнамасын бұза отырып, тиісті рұқсатсыз шетел азаматтарын жұмысқа қабылдаған. Жалпы, жыл басынан бері Абай облысында көші-қон заңнамасын бұзудың 120 дерегі тіркелген. Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартудың 16 фактісі анықталған. Мамандардың айтуынша, мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар өңірде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, заңсыз еңбек қызметінің алдын алуға және көші-қон саласындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Имамғажанов бұл жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінше, шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болуы мен еңбек етуі заң талаптарына толық сәйкес келуі тиіс. Сондай-ақ, ол жұмыс берушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Құзырлы органдар алдағы уақытта да көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.


#Абайская область, #миграция