Әскери ортада заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту шаралары
Әскери салада заңдылықты қамтамасыз ету – әскери тәртіпті сақтаудың, жауынгерлік әзірлікті арттырудың және әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етудің маңызды шарты. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Шығыс аймағының әскери прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылы Шығыс аймағы әскери прокуратурасының қадағалау қызметі құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жарақаттану деңгейін төмендетуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ әскери қызметшілердің құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталды. Аталған жұмыс Абай өңірлік гарнизонының әскери бөлімдерімен, әскери құқық қорғау органдарымен және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл шеңберінде жүргізілді.
Өткен жылы ерекше назар 2025 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасы әскери басқару органдары мен қылмыстық қудалау органдарының Үйлестіру кеңесінің отырысында 2025–2028 жылдарға бекітілген «Армиядағы заң және тәртіп» және «Цифрлық профилактика» профилактикалық бағдарламаларын іске асыруға аударылды. Аталған бағдарламалар Мемлекет басшысының «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп» мемлекеттік саясаты аясында қабылданып, әскери ортада құқық бұзушылықтардың алдын алуға, әскери қызметшілердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға, сондай-ақ заманауи басқарушылық және цифрлық шешімдерді пайдалана отырып тәртіптің жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
«Армиядағы заң және тәртіп» бағдарламасы әскери ортада тәртіп пен заңдылықты нығайтуға бағытталған 20 кешенді іс-шараны қамтиды. Негізгі бағыттар қатарында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша бірыңғай құқықтық базаны қалыптастыру, қылмыс деңгейін төмендету, қаза болу мен жарақаттанудың алдын алу, суицидтік қауіптерді ерте анықтау және психологиялық көмек көрсету жүйесін дамыту, сондай-ақ оқытудың заманауи нысандарын енгізу көзделген.
Аталған шараларды іске асыру құқық бұзушылықтар, қаза болу және жарақаттану деңгейін төмендетуге, сондай-ақ әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Екінші маңызды бастама – әскери саладағы процестерді бақылау, талдау және мониторинг жүргізуге арналған цифрлық құралдарды енгізуге бағытталған «Цифрлық профилактика» бағдарламасы. Бағдарлама аясында әскери бөлімдерді заманауи бейнебақылау жүйелерімен және бейнежетондармен жабдықтау, жеке құрамның медициналық деректерін мониторингтейтін ақпараттық жүйе құру, әскери мүлікті есепке алуды цифрландыру, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы электрондық құжат айналымына кезең-кезеңімен көшу көзделген. Аталған профилактикалық құжат басқару процестерінің ашықтығын арттыруға, жедел әрекет етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Ағымдағы жылы осы бағдарламалық құжаттарды іске асыру аясында жаңа құралдарды қолдануды көздейтін профилактикалық іс-шаралардың жаңа кезеңі басталды.
Қоғамда кең таралған борыштық жүктеменің әскери тәртіптің жай-күйіне әсер етуі мүмкін екендігін ескере отырып, құқықтық көмектің жеке бір бағыты қаржылық сауаттылық мәселелеріне арналды.
Атап айтқанда, 2025 жылы «Заң және тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Шығыс аймағының әскери прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілімен бірлесіп Абай өңірлік гарнизонының әскери бөлімдерінде әскери қызметшілерге арналған бірқатар дәріс-тренингтер ұйымдастырды. Іс-шаралар барысында әскери қызметшілерге жеке қаржы саласындағы негізгі тәуекелдер, оларды азайту жолдары, сондай-ақ қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл кезінде өз құқықтарын қорғау тетіктері түсіндірілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында оң бағалаған «Қарызсыз қоғам – борышсыз қоғам» әлеуметтік жобасына ерекше назар аударылды.
Аталған жоба азаматтарға тегін заң көмегін көрсету, банк шоттарын бұғаттан шығаруға жәрдемдесу және төлем кестелерін қайта қарау, сот және соттан тыс банкроттық рәсімдерін сүйемелдеу, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге көмек көрсету, сондай-ақ qogamfin.kz платформасында қаржылық сауаттылық бойынша тегін онлайн оқытуға қол жеткізуді көздейді.
2025 жылдың қорытындылары әскери салада заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету профилактикалық жұмыс, цифрлық бақылау, сондай-ақ жеке құрамды құқықтық және қаржылық ағарту шараларын ұштастыратын кешенді әрі жүйелі тәсілді талап ететінін көрсетті.
Шығыс аймағының әскери прокуратурасы алдағы уақытта да заңдылықты нығайту, әскери қызметшілердің құқықтарын және мемлекет мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.
#право, #военный, #прокуратура, #цифровизация