Мемлекеттік қызмет сапасы заңдылық кепілі: азаматтың жерге құқығы қалай қалпына келтірілді
Аймақта азаматтардың мемлекеттік қызмет алу барысындағы заңды мүдделерін қорғаудың маңызды мысалы тіркелді. Бұл жағдай мемлекеттік органдар тарапынан жіберілген әкімшілік кедергілер мен заңсыз шешімдердің дер кезінде анықталып, жойылғанын көрсетеді.
Азамат жер телімін алу мақсатында тиісті мемлекеттік қызмет түрін басында дұрыс таңдап, өтініш білдірген болатын. Алайда, өтініш иесінің таңдауы заңға сәйкес болғанына қарамастан, жауапты тұлғалар оны басқа мемлекеттік қызмет түрін таңдауға мәжбүрлеген. Осылайша, азаматты дұрыс емес бағытқа бағыттап, соның салдарынан қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту туралы шешім қабылданған. Бұл әрекет азаматтың жер телімін алуға деген заңды құқығының өрескел бұзылуына әкеп соқты.
Бұл мәселе тиісті деңгейде шешілмегендіктен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті өтініштің қаралу барысын жан-жақты тексеріп, бастапқы таңдалған мемлекеттік қызмет түрінің дұрыстығын дәлелдеу арқылы азаматтың заңды мүддесін қалпына келтірген болды .
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Жер комиссиясының оң қорытындысы шықты. Қабылданған шешімге сәйкес азаматқа жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін 0,25 га жер телімі - 3 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен болып бөлінді.
Мемлекеттік орган тарапынан жасалған негізсіз кедергілерге қарамастан, бастапқы таңдалған дұрыс мемлекеттік қызмет түріне қайта оралу арқылы әділдік орнады. Бұл жағдай мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтарды қате бағыттаудың заңсыздығын және бақылаушы органдардың заңдылықты қалпына келтірудегі шешуші рөлін айқындайды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті
#Право человека, #Государственные услуги, #Закон и порядок