«Сөз бостандығы – шексіз еркіндік емес»: Бас прокуратура ескерту жасады
Қазақстан бас прокуратурасы әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасап, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Ulysmedia-ға сілтеме жасап.
БАС ПРОКУРАТУРА ЕСКЕРТУІ
Бас прокуратура мәлімдемесінде әлеуметтік желіде жарияланған тексерілмеген жалған ақпарат тарату қоғам үшін қауіпті фактор екені айтылған.
«Сондықтан пікір немесе жазба жарияламас бұрын оның салдарын түсіну қажет. Жала жабу, қорлау немесе көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Сөз бостандығы – шексіз еркіндік емес. Ол басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға сылтау бола алмайды. Кез келген таратылатын ақпарат тексерілген фактілерге негізделуі тиіс, болжамдар мен жорамалдарға емес. Бұл – ақпараттық этиканың негізгі қағидаты», – делінген мәлімдемеде.
Бұдан бөлек, мәлімдемеде «қылмыстық қудалау органдары тек жауапкершілік шараларын қолдануға ғана емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғаны» туралы айтылған.
КОНТЕКСТ
Кейінгі кездері Қазақстанда бірнеше блогердің үстінен «Көрнеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынған. Атап айтқанда, 21 наурызда журналист Ботагөз Омарованың үстінен дәл осы бап бойынша іс қозғалып, сот шешімімен екі айға үйқамаққа жіберілген.
30 наурызда заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан «Көрнеу жалған ақпарат тарату» айыбымен уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ол ұсталғанға дейін үш адам қаза болған 21 наурыз түнде Алматының әл-Фараби көшесінде болған жол апатына байланысты видеолар жариялаған.
Әлеуметтік желілердегі наразылықтан кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі ішкі тергеу жүргізіп, Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерлерінің бірінің жүргізушісінің үстінен әрекетсіздігі үшін қылмыстық іс қозғады. Ішкі істер министрі Алматы полиция департаменті бастығының орынбасарын және әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік департаменттері басшыларын қызметінен босатты.
#Генпрокуратура, #Закон и порядок