Облыс әкімі Шуақ кентіндегі қазандықтың жұмысымен танысты
Облыс әкімі Берік Уәли Жарма аудандағы жұмыс сапарын Шуақ кентіндегі қазандықтың жағдайымен танысудан бастады,-деп хабарлайды
abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазандық кенттегі 12 нысанды, соның ішінде 8 көп қабатты тұрғын үй, мектеп, балабақша және басқа да мекемелерді жылумен қамтамасыз етеді.

Мұндағы жылу желісінің жалпы ұзындығы – 5,4 шақырым. Алайда оның 95% әбден тозған. Жылу желісін күрделі жөндеуден өткізу үшін 382 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазіргі уақытта тиісті министрлікке бюджеттік өтінім әзірленуде.

Облыс әкімі Энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасына бюджеттік өтінімді тезірек әзірлеуді тапсырды.
«Жылу желілерінің тозуы – өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі. Жақында Аягөз қаласындағы «Орталық» жылу қазандығына қарасты жылу желілерінде ақау шыққан болатын. Мұндағы 10 шақырымға жуық жылу жүйесін жаңарту үшін 571 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Үкімет қолдау көрсетіп, тиісті қаржы бөлеміз деп отыр. Сондықтан бұл жұмысты жедел қолға алуымыз керек» деді аймақ басшысы.
#Абайская область, #Жарминский район, #Аким области Абай, #Берик Уали