Атом энергетикасы: ғылым мен инновация өрісі
АЭС еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруда айрықша маңызға ие. Ол тек энергия көзі емес, сонымен қатар медицинада кеңінен қолданылып, өндіріс пен өнеркәсіптің дамуына ықпал етеді. Алғашқыда біздің институт ядролық физика, материалтану, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, радиохимия сынды бірнеше бағыт бойынша іргелі зерттеулер жүргізіп, кейбірінде қолданбалы зерттеулерге ауысты. Осы зерттеулер нәтижесінде медицина мен өнеркәсіп салаларына арналған радиофармацевтикалық препараттар мен радиоизотопты өнімдер шығаруды жолға қойдық. Қазір радиофармпрепараттармен Астана, Алматы, Семей, Шымкент қалаларындағы ауруханаларды өмірлік маңызды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жатырмыз. Яғни елімізде өндіріліп отырған радиофармпрепараттың 90%-ын институт өндіреді.
Мәліметтерге қарағанда, Семейдегі Ядролық медицина орталығындағы науқастар 2028 жылдың соңына дейін йодтерапияға кезекте тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, биыл Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта қосымша 8 төсектік орын ашылады. 2025 жылы Алматыда тағы 5 төсектік орын ашу жоспарланған. Келесі жылы Ақтау, Қызылорда және Ақтөбе қалаларында ПЭТ/КТ диагностикалық орталықтарын ашу көзделген. 2026 жылы Қарағанды және Өскемен қалаларында ашу жоспарда тұр.
Ядролық физика институты бұл орталықтарды радиоактивті йод, фтордезоксиглюкоза және басқа да маңызды радиофармпрепараттармен қамтамасыз етуге дайын. Алайда тиісті инфрақұрылым мен логистикалық жағдай жасалуы қажет. Осы орайда айтайын, биыл Ядролық физика институтының 14 жыл бойы «Air Astana» әуе компаниясымен келіссөздер жүргізген еңбегі ақталып, нәтижесінде мамандар даярланып, радиофармпрепараттарды тасымалдау үшін қажетті процедуралар әзірленді. Соның нәтижесінде биылғы маусым айында ел тарихында алғаш рет «Фтордезоксиглюкоза-18F» радиофармпрепараты әуе көлігімен Шымкенттегі Ядролық медицина орталығына жеткізілді. Бұған дейін мұндай препараттар тек автокөлікпен тасымалданған еді. Радиофармпрепараттарды әуе арқылы тасымалдау – жарты ғасырдан астам тәжірибеге ие.
Осы жылдың маусым айынан бастап біз МАГАТЭ келісімшарты аясында Қырғыз еліне медициналық радиоизотоптарды жеткізе бастадық. Оған қоса институт өнеркәсіптік мақсаттағы кобальт-57 изотобын Германия, Франция, Түркия және Ресейге шығарып, экспорттайды. Жыл соңына дейін лютеций-177 изотобын өндіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ болашақта самарий-153, актиний-225 изотоптарымен радиофармпрепараттар шығару, германий-68/галлий-68 генераторын әзірлеу жоспары бар. Бүгінде актиний-225 негізіндегі радиофармпрепараттың бір кюриінің (оқырманға түсінікті болу үшін – бір грамы) нарықтағы құны 80 млн долларды құрайды. Қазірдің өзінде жапондық ірі компаниялар оны сатып алуға кезекте тұр.
Тағы бір қуаныш – институт базасындағы ССР-Қ (су-сулы реактор – Қазақстан) зерттеу реакторында ақпараттық технология қажеттіліктері үшін жартылай өткізгіш материалдар алу үшін кремний құймаларын қоспалау технологиясы іске қосылған.
Біз, Ядролық физика институтының ғалымдары болашақ атом энергетикасында екеніне сенімдіміз. АЭС құрылысы – бұл жолдағы алғашқы қадам ғана. Отандық ғалымдар жаңа ұрпақ үшін болашақ энергетиканың негізі болатын жаңа ғасырдың технологиясы – басқарылатын термоядролық синтезді жасаумен ұзақ уақыттан бері айналысып келеді. Осы орайда Еуропаның төртінші жоғарғы оқу орны Карлсруэ технологиялық университеті (KIT) мен Жапонияның Ұлттық кванттық ғылым және технология институты (QST) бірнеше млн доллар қаражат құйып, Ядролық физика институты базасында ішкіреакторлық зерттеулер жобасы негізінде технологияларды өндіріп отыр.
Сол технологияларды халықаралық патенттеу арқылы болашақта ондаған миллиардтық доллармен табыс табатынымызға сенімдіміз.